Алматыдағы Қарғалы өзенінің жасыл түске енуіне байланысты тексеру жүргізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматыда Қарғалы өзенінің жасыл түске боялуына қатысты түсініктеме берді.

4 тамыз күні алматылықтар Қарғалы өзенінде судың жасыл түске боялғанын байқаған. Түсін өзгерткен өзеннің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, тұрғындар тарапынан алаңдаушылық тудырды.
Ведомство жауабына сәйкес, Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің мамандары жедел түрде өзен арнасын тексеру үшін Жандосов көшесінен бастап «Теплоэнергетик» саяжай кооперативіне дейінгі аумаққа шыққан.
– «Алғабас» ықшамауданы мен «Теплоэнергетик» саяжай кооперативінің тұрғындарынан алынған сұхбат нәтижесінде, шамамен күндізгі сағат 12:00-де жасыл түске боялғаны және 30 минут бойы ағып өткендігі анықталды. Департамент мамандары Қарғалы өзенінің төменгі ағысымен жүріп өтті. Алайда тексеру барысында өзен суынан көзге көрінерлік жасыл түсті зат анықталмады, – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Дегенмен, тұрғындар 5 литрлік ыдысқа су алып, оны талдау үшін департаменттің аналитикалық зертханасына тапсырған.
Ведомство өкілдері Қарғалы өзенінің бастауы тауға жақын жерде орналасқанын, ал оның ағысы Алматы қаласының бірнеше ауданын кесіп өтетінін атап өтті. Өзен арнасының бойында жеке тұрғын үйлер, өндірістік нысандар мен базарлар орналасқан.
– Жасыл түс тіркелген аумақ («Теплоэнергетик» саяжай ауданы) Алматы облысына кіреберісте орналасқан. Бұл жерде өзен шамамен 4–5 шақырымға созылатын өнеркәсіптік аймақ арқылы өтеді. Аталған аумақ облыс аумағына жатады және мұнда өзен арнасына абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген – өзен табиғи арнада ағады. Сонымен қатар бұл жерде түрлі өнеркәсіптік нысандар орналасқан, – деп мәлімдеді министрліктен.
Жасыл түстің неден пайда болғанын анықтау үшін Экология департаменті басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 5 тамыздан бастап тексеру жұмыстарын бастайды.
- Су құрамына жүргізілген зертханалық талдаудың нәтижелері қосымша жарияланатын болады, - делінген ведомство жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі көпірден өзенге жасыл түсті химиялық зат төгілген болуы ықтимал екенін хабарлады.