Алматыдағы қою түтін мен аллергия: науқастар саны неге артып барады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы ауаның ластануы аллергияны асқындырып қана қоймай, жаңа аурулардың пайда болу қаупін де арттыруы мүмкін. Қою түтін немесе смог адам денсаулығына қалай әсер етеді және қала тұрғындары арасында аллергияның қандай түрлері жиі кездеседі? Бұл туралы Kazinform тілшісіне С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің аллергология және клиникалық иммунология кафедрасының ассистенті, дәрігер-аллерголог Балжан Асылбекова айтып берді.

Алматы
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстан халқының 20%-дан астамында аллергиялық ауру бар

Маманның айтуынша, Қазақстанда аллергиялық ауруларға шалдыққан адамдардың нақты санын анықтау қиын. Себебі елімізде аллергиялық аурулардың барлық түрін қамтитын бірыңғай тіркелім жоқ. Статистикалық есеп негізінен жекелеген диагноздар бойынша жүргізіледі.

- Статистикалық есеп негізінен жекелеген диагноздар бойынша жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық көмекке жүгіну көрсеткіштері бойынша жүргізілген пилоттық статистикалық зерттеу нәтижесінде Қазақстан халқының 20%-дан астамында аллергиялық патология бар екені анықталған. Ал бронх демікпесінің динамикасына назар аударсақ, тіркелген науқастар санының артып келе жатқанын байқаймыз. Министрлік дерегіне сәйкес, 2025 жылы бронх демікпесімен сырқаттану көрсеткіші - 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 102 жағдай, – деді маман.

Сол жылы Алматыда 14 жасқа дейінгі балалар арасында аллергиялық риниттің шамамен 4 700 жағдайы және бронх демікпесінің 3 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Ал ересектер арасында бронх демікпесіне шалдыққан 11 мыңнан астам адам және аллергиялық ринитпен шалдыққан шамамен 7 500 адам бар.

Бұдан бөлек, 2025 жылы №1 қалалық клиникалық ауруханада аллергиялық аурулары бар 1 926 науқас стационарлық ем алған. Ал 2024 жылы 927 адам болған.

Аллергологтың айтуынша, бұл көрсеткіштер аллергологиялық қызметке түсетін жүктеменің артып келе жатқанын аңғартады. Алайда тіркелген жағдайлар санының артуы аурудың нақты таралу деңгейі де дәл осылай өсті дегенді білдірмейді. Бұған диагностиканың жақсаруы мен халықтың медициналық сауаттылығының артуы да әсер етеді.

- Бір жағынан, аллергиялық аурулардың шынымен де көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұған экологиялық жағдайдың нашарлауы, ауаның ластануы, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның түрлі факторлары әсер етеді. Екінші жағынан, диагностика да жақсарды. Дәрігерлер аллергиялық ауруларды, соның ішінде күрделі түрлерін де жақсырақ анықтай бастады. Сонымен қатар халықтың танымы артты. Адамдар өз денсаулығына мұқият қарап, мамандардың көмегіне жиі жүгінеді. Сондықтан медициналық көмекке жүгіну көрсеткішінің өсуі аллергиялық аурулардың нақты көбеюімен қатар, олардың анықталу деңгейінің жақсарғанын да көрсетеді, – деп түсіндірді Балжан Асылбекова.

Алматы тұрғындары арасында аллергияның қандай түрлері жиі кездеседі?

Маманның сөзінше, Алматыда аллергиялық аурулардың ішінде өсімдіктердің гүлдеу кезеңіндегі аллергиялық ринит пен аллергиялық конъюнктивит жиі кездеседі. Сондай-ақ теріде байқалатын аллергиялық реакциялар, атап айтқанда атопиялық дерматит пен есекжем де кең таралған.

- Бронх демікпесіне ерекше назар аудару керек. Бұл – дер кезінде анықтауды және тұрақты бақылауды қажет ететін күрделі ауру. Аллергиялық аурулар көбіне қатар жүреді. Мысалы, бір адамда аллергиялық ринит, конъюнктивит және бронх демікпесі бір мезгілде кездесуі мүмкін. Сондықтан белгілерін басып қана қоймай, аурудың себебін анықтау және тиісті ем тағайындау үшін аллергологқа уақытылы қаралу маңызды, – деді дәрігер.

Смог не тұман аллергия тудыруы мүмкін бе?

Аллергологқа жүгінетін адамдар санының артуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында экологиялық жағдайдың нашарлауы, ауаның ластануы, климаттың өзгеруі, диагностиканың жақсаруы және халықтың медициналық сауаттылығының артуы бар.

- Алматыдағы ауаның ластануы бұрыннан бар аллергия белгілерін күшейтіп қана қоймай, жаңа аллергиялық аурулардың пайда болуына да ықпал етуі мүмкін. Ұсақ дисперсті бөлшектер, азот диоксиді және басқа да зиянды заттар тыныс алу жолдарының ішкі қабатын зақымдап, ағзадағы тотығу үдерісін күшейтеді. Сондай-ақ аллергиялық аурулардың дамуына ықпал ететін иммундық жүйедегі қабыну реакцияларын қоздыруы мүмкін, – деп түсіндірді Балжан Асылбекова.

Медициналық зерттеулер ауаның ластанған ортасында ұзақ уақыт болу, әсіресе балаларда, бронх демікпесі мен аллергиялық риниттің даму қаупін арттыратынын көрсетеді.

Осылайша, смог бұрыннан бар аллергияны асқындырып қана қоймай, генетикалық бейімділігі бар адамдарда жаңа аурулардың қалыптасуына да жағдай жасауы мүмкін.

- Сондықтан ауаның ластануымен күресу – тек экологиялық мәселе емес, аллергиялық және тыныс алу жолдары ауруларының алдын алудың да маңызды шарасы, – деп атап өтті аллерголог.

Бір ауданда тұратын адамдарға смог неге әртүрлі әсер етеді?

Бір ауданда тұратын адамдардың тыныс алатын ауасы шамамен бірдей болғанымен, олардың аллергиялық реакцияларының деңгейі айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.

Балжан Асылбекованың түсіндіруінше, ауаның ластануы аллергияның пайда болуына әсер ететін факторлардың бірі ғана. Бұл ретте адамның жеке иммунитеті маңызды рөл атқарады.

врач
Фото: Балжан Асылбекованың жеке архивінен

- Біріншіден, генетикалық ерекшеліктер әсер етеді. Кейбір адамдардың аллергиялық реакцияларға бейімділігі туа біткеннен жоғары болады. Екіншіден, иммундық жүйенің ерекшеліктері мен тыныс алу жолдарының эпителийлік қорғаныш қабатының жағдайы маңызды. Бір адамның шырышты қабаттарының қорғаныш механизмдері ластаушы заттарға төзімді болса, екіншісінікі сезімтал болуы мүмкін. Сонымен қатар адамның жасы, микробиомының жағдайы, бұрын ауырған инфекциялары, қосымша аурулары және ластанған ауаның әсерінде болған жалпы уақыты да маңызды, – дейді аллерголог.

Бұдан бөлек, адамдардың көшеде өткізетін уақыты, үйінің қай қабатта орналасқаны, жолға жақындығы, бөлменің желдетілуі және өмір салты да әсер етеді.

- Сондықтан бір адамда смог аллергияның айқын белгілерін тудыруы мүмкін, екіншісінде бұрыннан бар ауруды асқындырады, ал үшіншісінде клиникалық белгілер мүлде байқалмауы мүмкін. Сол себепті біз аллергияны тек ауаның ластануымен емес, генетикалық ерекшеліктер мен қоршаған орта факторларының өзара әсерімен байланыстырамыз, – деп түсіндірді дәрігер.

Тозаң аллергиясы мен смогтың әсерін қалай ажыратуға болады?

Өсімдік тозаңына аллергия мен ластанған ауаның әсерінен болатын белгілер бір-біріне ұқсас болуы мүмкін. Дегенмен оларды ажыратуға көмектесетін өзіндік ерекшеліктер бар.

Өсімдік тозаңына аллергия кезінде көбіне:

* мұрын мен көздің қышуы;
* жиі түшкіру;
* мұрыннан сұйықтық ағуы;
* көзден жас ағу;
* белгілердің белгілі бір маусымда қайталануы байқалады.

Ал смог әсер еткенде:

* шырышты қабаттардың құрғауы мен ашуы;
* тамақтың жыбырлауы;
* құрғақ жөтел;
* көздің тітіркенуі жиі кездеседі.

Алайда смог тыныс алу жолдарын өздігінен тітіркендіріп қана қоймай, бұрыннан бар аллергиялық реакцияны да күшейтуі мүмкін екенін ескеру қажет.

- Нақты диагноз қою үшін аурудың клиникалық көрінісі, белгілердің қай маусымда пайда болатыны және аллергологиялық тексеру нәтижелері ескеріледі, – дейді маман.

Маман жиі түшкіру, мұрынның бітелуі мен қышуы, мұрыннан су ағуы, көздің қызарып, қышуы, теріде бөртпенің пайда болуы немесе ұзақ уақыт басылмайтын түсініксіз жөтел байқалса, дәрігерге тез арада қаралуға кеңес береді.

Әсіресе белгілер белгілі бір маусымда қайталанса, көшеге шыққанда күшейсе, тыныс алғанда ысқырықты дыбыс пайда болса немесе ұйқы мен күнделікті өмірге кедергі келтірсе, медициналық көмекке жүгіну маңызды.

- Мұндай белгілерді өздігінен смогқа немесе суық тиюге жаба салуға болмайды. Оның себебін уақытылы анықтап, теріге әсер ететін аллергендерді анықтау және дұрыс ем тағайындау қажет. Егер тыныс алу кенеттен қиындап, тіл немесе тамақ ісінсе, дереу жедел жәрдем шақыру керек, – деп ескертті аллерголог.

Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме
Фото: Pexels

Смог пен өсімдік тозаңынан қалай қорғануға болады?

Ауа қатты ластанған күндері аллерголог көшеде аз уақыт болуға, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңынан аулақ жүруге кеңес береді. Сондай-ақ ашық ауада қарқынды дене жаттығуларын жасамаған жөн. Мұндай жағдайда респиратор қолдану да ұсынылады.

Өсімдіктер жаппай гүлдейтін кезеңде тозаң мөлшері жоғары болатын уақытта терезелерді жауып, ауа тазартқыш құрылғыларды, соның ішінде сүзгісі бар құрылғыларды пайдаланған дұрыс. Серуендеп келген соң душ қабылдап, шашты жуып, киімді ауыстыру ұсынылады.

Аллергиялық ауру диагнозы қойылған адамдар дәрігер тағайындаған емді тұрақты сақтап, ауруды асқындырмауы тиіс.

40 дней смога зафиксировали в Усть-Каменогорске с начала года
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

- Ең бастысы – ауаның ластану деңгейін ғана емес, өсімдіктердің гүлдеу күнтізбесін де бақылау. Алдын алу шараларын кешенді түрде қолдану смог пен аллергендердің әсерін азайтуға көмектеседі, – деп түйіндеді Балжан Асылбекова.

Алматыдағы ауа сапасына жүргізілген 2025 жылғы мониторинг қорытындысына сәйкес, қала тұрғыны Алматыда өмір сүргенінің өзінде бір жыл ішінде еріксіз түрде 518 темекі (шамамен 26 қорап) шеккенмен бірдей ластанған ауамен тыныстаған. Ең күрделі жағдай қыс айларында байқалған.

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қаладағы зиянды шығарындылардың жалпы көлемі - жылына шамамен 189 мың тонна. Оның негізгі бөлігі автокөлікке тиесілі. Нақтырақ айтқанда, көлік құралдарынан жылына 113 мың тоннаға жуық зиянды зат бөлінеді.

Дегенмен атмосфералық ауаны ластайтын жалғыз фактор – автокөлік емес. Басқарма мәліметінше, суық мезгілде көмір мен отын жағып жылытылатын жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандар, соның ішінде моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары, әсіресе кәуапханалар атмосфераға түсетін зиянды заттардың көлемін арттырады.

Еске салсақ, Алматыдағы City Run кезінде ауа сапасы тексерілді.