Алматыдағы крематорий қызметінің бағасы бекітілді ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда еліміздегі алғашқы крематорий қызметінің бағасы туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Әлеуметтік желілерде кремациялау бағасы — құжаттарды рәсімдеу, тасымалдау және күлге арналған құтыны қосқанда 250 мыңнан 460 мың теңгеге дейін болатыны туралы ақпарат тарады. Болжам бойынша орташа баға 260–280 мың теңге екені айтылған.
Жағдайды нақтылау үшін агенттік Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жүгінді.
Ведомство өкілдері Қалалық патологоанатомиялық бюросымен (ҚПАБ) бірге әлі де крематорийді іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның ішіне бағалар прейскурантын дайындау, мекеме жұмысының ішкі ережелерін және ҚПАБ тікелей әзірлейтін басқа да нормативтік құжаттарды жасау жұмыстары бар.
— Кремация құны ҚПАБ-тың тікелей және жанама шығындарына, сондай-ақ болжамды табысқа байланысты есептеледі, — деп жауап берді ведомство басшысының орынбасары Ермек Тәжімұрат.
Сондай-ақ ол крематорий қызметтерінің тізбегі айқындалып, оның құны бойынша есеп жүргізілгенін және құжаттар бекіту сатысында тұрғанын атап өтті.
Дегенмен, крематорийдің қашан нақты іске қосылатыны әзірге белгісіз. Мекеме ұйымдастыру процедуралары аяқталып, қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптасқаннан кейін жұмыс істей бастайды.
Еске салайық, Алматы әкімдігі 2020 жылы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялады.
Ғимараттың құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталса да, 2022-2023 жылдардың аралығында нысанның ашылуы қайта-қайта шегерілді. 2024-2025 жылдардың аралығында крематорийді қарауына алатын ведомствоның анықталмауынан ғимарат тағы да іске қосылмады.
Кейін нысанды қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Қалалық патологоанатомиялық бюросы қабылдап, жақында ашылатыны белгілі болды.