Алматыдағы крематорий неліктен әлі ашылмай тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Құрылысы 2021 жылы аяқталған крематорий неліктен ашылмай тұр. Kazinform тілшісі мән-жайын анықтады.

Алматы әкімдігі 2020 жылы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялады.
Ғимараттың құрылысы 2021 жылы аяқталды. Алайда нысанның ашылу 2022 жылға, сосын 2023 жылдың бірінші тоқсанына, одан кейін 2023 жылдың екінші тоқсанына шегерілді.
Былтыр Алматы әкімдігі крематорий құрылысын жүргізген мердігерді сотқа берді. Сот шешімімен «ТаразКұрылысИнвест» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп танылып, жергілікті бюджетке 2 775 414,62 теңге қайтарылды.
Агенттік сауалына жауап берген Алматы қаласының құрылыс басқармасы нысан бүгінгі күні басқарма теңгерімінде екенін хабарлады. Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі уақытта «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС крематорийдің инженерлік желілерін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық көлемде аяқтаған және объектіні пайдалануға беру актісіне қол қойылған.
— Сәулет және әділет органдарында тіркеу 2024 жылдың үшінші тоқсанында өткізілді. Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне осы объектінің түпкілікті теңгерім ұстаушысын айқындау қажеттігі туралы хат жолдады, — делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға крематорий құрылысы не үшін қажет екенін Әділет министрлігі түсіндірген еді.