Алматыдағы құтқару қызметі қысқы маусымға дайын ба

Алматыдағы құтқару қызметі қысқы маусымға дайын ба
Фото: ТЖМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы құтқару қызметі қысқы маусымға қаншалықты дайын? Kazinform тілшісі осы сұрақтың жауабын анықтап көрді.

Биыл қыркүйек айында Алматы құтқару қызметінің құтқарушылары 12 жыл болған берцтерді киіп жүргені туралы бейнежазба тарады. 

Ол кезде қала әкімдігі қысқы кезеңге дайындық шеңберінде қысқы берц және тау етіктерін сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер енді жүргізілетін хабарлаған болатын. 

Осы орайда, Kazinform тілшісі жауапты мекемеге тағы да сауал жолдап, құтқарушылардың қысқы киімдермен қаншалықты қамтамасыз етілгенін сұрады.

Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасына қарасты Алматы қаласының құтқару қызметі қысқы киімдер (куртка, суықтан қорғауға арналған кеудеше, шалбарлар, бас киімдер) және берц 2023 жылы сатып алынғанын хабарлады.

– Арнайы нормаларға сәйкес киім екі жыл мерзімге беріледі. Киімдерді келесі сатып алу рәсімі 2025 жылы өтеді. 2024 жылы тауда жұмыс істейтін құтқарушыларға арналған альпинистік құрал-жабдықтар сатып алынды: трекингтік ботинкалар, суықтан қорғауға арналған куртка, желден қорғайтын куртка, желден қорғайтын шалбар, мамық жилет, 50 жиынтық санындағы суықтан қорғайтын термо киімдер, - деп хабарлады мекемеден.

Сондай-ақ Алматы құтқару қызметінің жауабына сәйкес, 2024 жылы тауға киюге арналған және трекингтік ботинкаларды сатып алуға 61 миллион 698 мың теңге сомасында қаражат бөлінген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі негізгі құтқару жасағы – Республикалық жедел-құтқару жасағы (РЖҚЖ) және Алматы құтқару қызметі жұмыс істейтінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram