Алматыдағы мектеп жанындағы демалыс лагерьлері ерекше жұмыс жүйесіне көшті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл Алматыдағы оқушылардың 96 пайызға жуығы жазғы демалыста сауықтыру шараларымен және түрлі үйірмемен қамтылды.

Алматы білім басқармасынан мәлім еткендей, биыл 281 мың оқушы жазғы демалыста сауықтыру шараларымен және түрлі үйірмемен қамтылды. Бұл 1-10 сынып аралығында оқитын алматылық 293 682 баланың 95,7 пайызы. Былтыр 266 343 лагерьлерде демалған болатын.


Биыл мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы ерекше мазмұнды әрі қызықты өтіп жатыр. Мұнда балалар жент жасауды, құрт жайып, кептіруді, үйреніп, қолөнер бұйымдарын тігуге машықтанады. Сонымен қатар ханталапай, асық ату, күрес сияқты ұлттық ойындардың қыр-сырына қанығады.



Бұдан бөлек, бала талабына қарай робототехниканы немесе домбыра, жетіген, баян сияқты музыкалық аспаптарды үйрететін саланы таңдай алады. Спорт, шығармашылық, экологиялық этномәдениет, IT және патриоттық тәрбиеге бағытталған лагерьлер де бар. Жақында қала сыртындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Қазір ұйымдастыру шаралары жүріп жатыр.


— Қалада 200-ден астам жалпы білім беретін мектеп бар. Биыл оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастады. Ең бастысы — балалар лагерьге жергілікті бюджет есебінен тегін барып жүр. Сондай-ақ, 26 мамырдан бастап 9 маусымға дейін бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар лагерьлерде тегін тамақпен қамтылды. Ал, шілде айында мектептер жаңа оқу жылына дайындық жүргізіп, жөндеу жұмыстарына кіріседі. Кейін тамыз айында лагерьлер қайта ашылып, тағы таңертеңнен түске дейін балаларды тегін қабылдайтын болады, — дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Марат Тәжібаев.

Сонымен қатар, ол жақын арада қала сыртындағы лагерьлер де жұмысын бастайтынын жеткізді. Қазір балаларды демалысқа қабылдауға дайын ұйымдар арасында конкурс өтіп жатыр.
— Бұдан бөлек, қосымша білім беру үйірмелері де жұмыс істеп тұр. Қалада 19 мемлекеттік және 122 жекеменшік қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 40 мыңнан астам бала мемлекет есебінен қосымша білім алып жатыр, — деді Мұхтар Тәжібаев.
Мәселен, № 140 мектеп жанындағы спорттық бағыттағы лагерьде 5–6 сынып оқушылары әртүрлі спорт түрі бойынша тереңдетілген дайындықтан өтіп жатыр. Мұнда волейбол, футбол, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындар бойынша жаттығулар ұйымдастырылды. Лагерь бағдарламасы теориялық білім беруді де қамтиды — бұл балалардың спорттық тәртібін нығайтып, командалық рухын қалыптастырады.


№ 97 мектеп жанынан ашылған «Арман» лагерінде балалар спорттық және шығармашылық шараларға, экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен шеберлік сабақтарға қатысып жатыр.

Алматы құрылыс-техникалық колледжі базасында «Жазда мамандық таңдайық» атты бағдарлама қолға алынды. Мұнда жоғары сынып оқушылары ағаш өңдеу ісін, графикалық дизайнды меңгеріп, құрал-саймандармен жұмыс істеуді, сондай-ақ SketchUp арқылы 3D-модельдеудің негіздерін меңгеріп жатыр.



Патриоттық және мәдени тәрбиеге де ерекше назар аударылды. № 208 мектеп жанынан ашылған «Этно City» этнолагері — жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен ұлттық мәдениетке деген құрметті қалыптастыратын ерекше алаң.





Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталығында ашылған IT-лагерьде 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, электроникамен танысып, түрлі ғылыми тәжірибелерді жүзеге асырып жатыр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі жазғы демалыс кезінде оқушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын түсіндірген еді.
Сондай-ақ Қазақстанда балалар лагерінің құны туралы жазғанбыз.