Алматыдағы өрт: шатыр опырылып, төрт адам ауруханаға түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Айгерім-1 шағынауданындағы Пригородная көшесінде екі қабатты ғимараттың шатыры өртенді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

 Көкшетаудағы кәсіпорында жұмысшы қайтыс болды
Фото: Kazinform

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде шатырдың бүкіл аумағы ашық жалынмен жанып жатқан.

Металл жабынды шатырдың ағаш торламасы арқылы өрт тез таралған. Жалынның көршілес тұрғын үйлерге таралу қаупі болды. Алайда өрт сөндірушілер оттың көрші үйлерге таралуына жол бермеді. Өрт 180 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. 

— Өртті сөндіру барысында шатыр опырылып түсті. Медициналық көмек қызметі төрт адамды ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта олар дәрігерлердің бақылауында. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Талдықорғанда наубайханада өрт шығып, бір адам зардап шеккенін жаздық.