Талдықорғанда наубайханада өрт шығып, бір адам зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан наубайханадан өрт шықты.
Оқиға салдарынан наубайшының қолын күйік шалып, ол медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт бүгін, 19 қазанда болған. Наубайхананың шатыры өртенген. Өрт туралы хабар түскен соң оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел жетті. Өр 78 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға кірісті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт толық сөндірілді.
— Оқиға салдарынан 1986 жылы туған наубайшының қолын жеңіл күйік шалды. Зардап шеккен адам медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге департаменттің 22 қызметкері мен жеті арнайы техника жұмылдырылды.
Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Оқиғаның өзге де мән-жайы нақтыланады.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте көлік жөндеу орталығынан өрт шығып, екі жұмысшы зардап шеккенін хабарлаған едік.