Алматыдағы орталық стадион көгалы Джей Ло концертінен кейін қандай күйде
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өткен Дженнифер Лопес концерті көгалға зақым келтірді ме деген сауалға спорт ғимараттары дирекциясы жауап берді.

Ведомствоның Kazinform тілшісіне берген мәліметінше, Алматыда көгалды сақтау үшін арнайы terracover жабыны қолданылған.
Бұл жабын шөптің «тыныс алуына» және ылғалды сақтауға мүмкіндік беріп, жоғары температура мен тікелей күн сәулесінің әсерін азайтқан.
– Жабынды концерт басталардан 10 сағат бұрын төсеп, іс-шара аяқталысымен бірден алып тастадық. Кейін мамандар суару, тыңайтқыш себу және басқа да күтім шараларын жүргізді, - делінген хабарламада.

Дирекция көгалдың қазір жақсы жағдайда екенін және футбол матчтарын қабылдауға дайын екенін хабарлады.
Айта кетейік, 7 тамызда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы «Миллий» («Бунедкор») стадионында америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес концерт қойды. Іс-шарадан кейін әлеуметтік желілерде алаңдағы көгалдың жағдайына қатысты сын-пікірлер тарап, жергілікті футбол қауымдастығы оның қалпына келтіру құны 1 млн доллар болатынын хабарлаған.

Сонымен қатар дренаж жүйесі де зақымданғаны айтылды, ал толық қалпына келтіру жұмыстары екі айға созылуы мүмкін.
Мұндай жағдай Арменияда да болған – әншінің концерті өткеннен кейін алаң жарамсыз күйге түсіп, алдағы қыркүйекте өтетін әлем чемпионатының іріктеу матчы алдында оны жөндеуге тура келіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Джей Лоның Алматыдағы концерті қалай өткенін жазған едік.
Сонымен бірге суретші Әсел Бекжан Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Джей Лоға ерекше арт-нысанды қалай жасап, сыйға тартқанын айтып берген еді.