Алматыдағы ірі сауда орталығынан адамдар эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы Mega Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында өрт дабылы іске қосылды. Адамдар уақытша эвакуацияланды.
Әлеуметтік желілерде сауда орталығына келген өрт сөндіру көліктері мен адамдардың эвакуацияланып жатқанын көрсететін фото және видеолар тарады.
Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт шығуы мүмкін екені туралы хабарлама түскен. Алайда оқиға орнына жеткен құтқарушылар ешқандай ашық жалын байқамаған. Шақырудың жоғары санаты да расталмады. Белгілі болғандай, дабылдың іске қосылуына өрт қауіпсіздігі жүйесінің іске қосылуы себеп болған.
Сауда орталығының әкімшілігі де жағдайға қатысты түсінік берді.
— Mega Alma-Ata-да өрт дабылы іске қосылды. Жағдай бақылауда, барлық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сауда орталығы жұмысын жалғастырып жатыр. Келушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта мамандар дабылдың іске қосылу себептерін анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қойма өртке оранғанын хабарлаған едік.