Алматыдағы тағы бір көше күзге дейін жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тағы бір көшеде күзге дейін көлік қозғалысына тыйым салынады.

«Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметінше, 14 шілде мен 31 тамыз аралығында Орманов көшесі бойымен Төле би мен Құмай көшелерінің арасындағы аумақта көлік қозғалысы шектеледі.
Шектеулер жолдың астына салынған су желілерін реконструкциялаумен байланысты болып отыр. Жұмыс аяқталған соң жол жабыны толықтай қалпына келтіріледі.
– Жоба бойынша барлығы 5,4 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру көзделген. Жұмыстың бірінші бөлігі – Бөгенбай батыр көшесінен Балтабаев көшесіне дейінгі ұзындығы 3,3 шақырым аралық. Алғашқы кезеңнің жұмысын кәсіпорын 2024 жылы іске асырған болатын. Медеу ауданының осы аумақтарындағы желілерді қайта жаңарту бірнеше мың тұрғынды, сондай-ақ ондаған әкімшілік ғимарат пен коммерциялық нысанды тұрақты әрі сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді «Алматы жылу желілері» ЖШС.
Осыған дейін Алматының үш көшесінде біраз уақытқа көлік қозғалысы шектелетіні туралы жазғанбыз.