Алматыдағы «Терренкурды» жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Терренкурды» модернизациялау осы жылдың сәуір айында аяқталады.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыда қоғамдық кеңістіктерді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді.
– Медеу ауданы тұрғындарының демалысы мен тынығуына қолайлы жағдай жасау үшін 2025 жылдың сәуір айында «Терренкур» аумағының 3,4 гектарын жаңғырту жобасы аяқталады. Жоба тоғанды абаттандыруды, рекреациялық аймақтарды, балалар мен спорт алаңдарын салуды қамтиды, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ әкім 2025 жылдың мамыр айында Құрманғазы көшесінен әл-Фараби даңғылына дейін Достық даңғылының «қасбтен қасбетке дейін» және Райымбек батыр даңғылынан Гоголь көшесіне дейін Пушкин көшесін кешенді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар басталатынын айтты.
– Осы жобалар аясында жол жабыны жаңартылады, веложолдар, спорттық және серуендеу аймақтары жабдықталады, сондай-ақ аумақты кешенді көгалдандыру жүргізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау мерзімі ағымдағы жылдың соңына жоспарланған, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген Терренкурдың абаттандырылатыны туралы жазғанбыз.
2023 жылы Терренкурдағы су қоймасының жоғары бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.