Алматыдағы туризм: проблемалар және оларды шешу жолдары

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы, онда 2 миллионнан астам адам тұрады. Алматы- елдің қаржылық, ғылыми, мәдени және экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар туристік орталық. Ондағы табиғатты, тарихи және көрікті жерлерді тамашалауға, демалуға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көптеп келеді. Негізінен Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия, Германия, АҚШ азаматтары Алматыны көруге ниетті. Жыл басынан бері оңтүстік астанаға қанша турист келді, келесі жылы қанша турист күтілуде және осы салада қандай қиындықтар бар. Kazinform тілшілері зерттеп көрді.

туристы
Коллаж: Kazinform

Биыл Алматыға қанша турист келді?

Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыға туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 1 миллион адамнан асқан. Шетелдік туристер саны 15,6%-ға артып 302,3 мың адамға жетті.

«Ішкі туризм де дамып келеді. Жыл басынан бері Алматыға елдің басқа өңірінен 768 мың адам келді. Өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 8,1%-ға артты. 2024 жылға арналған болжам бойынша 568 мыңнан астам шетелдік туристің келуі күтілуде. 2025 жылы бұл көрсеткіш 596 мыңға дейін жетеді деген болжам бар. Бұл Алматының танымал туристік бағыт ретінде одан әрі нығаюын білдіреді», — дейді ол.

туризм
Фото: Алматы әкімдігі

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 11,5 млн адам келген. Ал, Ұлттық статистика бюросы, алғашқы алты айда 264 133 шетелдік туристке және 2 278 846 Қазақстан азаматына жергілікті қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарында қызмет көрсетілгенін атап өтті.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келеді — Алматы туристерді қызықтыратын орынға айналды

Сондай-ақ, осы жылдың 9 айында шетелдік туристердің келуі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97 пайызға артқан. Шетелдік қонақтардың негізгі бағыттары Алматы, Астана және Шымкент қалалары болып қала береді.

Алматы турист
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматыға жиі келетін туристердің ТОП-5: Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия және АҚШ. Ресейлік туристердің жиі келуі жақындық пен мәдени ортақтыққа байланысты. Ал Қытай азаматтарына арналған визасыз режим туристік ағынның өсуіне ықпал етті. Үндістаннан келген туристер тікелей әуе рейстері мен жеңілдетілген визалық режимнің арқасында Алматыны білім алу үшін ең танымал бағыт ретінде таңдайды.

алматы туризмі
Фото: Kazinform

«Әрине, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қаламыз тау шаңғысы курорттарымен, табиғи көріністерімен және белсенді демалыс мүмкіндіктерімен баурап алады. АҚШ-тан келген туристердің алғашқы бестікке енуі Қазақстанға қызығушылықтың артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Американдық туристер біздің қаламызды оның бірегей табиғи және мәдени ерекшеліктері, сондай-ақ қонақжайлылығы мен жоғары қызмет көрсету деңгейі үшін бағалайды. Олардың қызығушылығы Алматының халықаралық аренада танымал және беделді туристік бағыт ретінде қалыптасып келе жатқанын растайды», — дейді Ғалия Тоқсейітова.

Қытайдан келетін туристерге ерекше назар аудару керек. Осы жазда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2025 жылы Қазақстанда Қытай туризм жылын өткізу туралы маңызды шешім қабылдады.  Визасыз режим енгізілгеннен бері Қытайдан келетін қонақтардың санының айтарлықтай артуы байқалады, бұл екіжақты туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Фото: Александр Павский/Kazinform
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Алматыға келушілер саны бойынша Қытайдан келген туристер үшінші орында тұр, бұл қытайлық саяхатшылардың қаламызға деген қызығушылығының артқанын дәлелдейді. 2023 жылы бірінші жартыжылдықта Алматыға Қытайдан 24 085 турист келсе, 2024 жылы дәл осы кезеңде олардың саны 40 557-ге жетіп, 68,39 пайызға өскен. Бұл екі есе көп. Бұл өсімге визасыз саяхаттың енгізілуі басты рөл атқарып отыр. Туристік әлеуетті ілгерілетуге негіз болған 2024 — 2025 жылдарды Туризм жылдары деп жариялаған Қазақстан мен Қытайдың бастамасының да арқасы. Екі ел арасында қол қойылған меморандум өзара туризмді дамытуға және визалық рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған», — деп атап өтті басқарма басшысы.

14 жылдық тәжірибесі бар гид Светлана Алферова биыл Алматыға туристер ағыны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқанын атап өтті. Қонақтар әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Үндістан, Араб елдері, Доха, АҚШ, Канада, Италия, Испания, Германия, Ұлыбритания, Болгария, Словения және Бразилиядан келеді.

Еуразиялық туристік қауымдастығының мүшесі, SkyWay туристік компаниясының директоры Әсем Қозбағарова Қазақстан соңғы жылдары әлемдегі туристер үшін тартымды бола түскенін тілге тиек етті. Үндістаннан, Қытайдан, Ресейден, Парсы шығанағы елдерінен, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропадан саяхатшылар саны көбейіп келеді.

Қазақстан шетелдік туристерді несімен қызықтырады?

Шетелдік туристер бірінші кезекте Алматыға, содан соң Астана, Ақтау және Шымкентке келуді көздейді. Олардың елімізге келудегі негізгі мақсаты — белсенді демалыс, яғни, ашық ауада серуендеп, табиғат аясына саяхат жасау. Олардың көпшілігі еліміздің ең үлкен қаласы ғана емес, мәдени-тарихи орталығы саналатын — Алматыны таңдайды. Мұнда туристер мұражайларға, саябақтарға, Көк базарға және әйгілі Көктөбеге барады. Танымал орындардың қатарында Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ және Ой-Қарағай тау шаңғысы курорттары, сондай-ақ мегаполистен тыс орналасқан басқа да көптеген табиғи және мәдени көрікті жерлер бар. Атап айтар болсақ, Есік қорғандары, Алтын адам мұражайы, Есік көлі, Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды, сондай-ақ Алтын Емел ұлттық саябағы мен Таңбалының жартастағы суреттері.

«Туристерді Ұлы Жібек жолы қызықтырады, олар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты көршілес елдерді аралап көргісі келеді. Олар сондай-ақ осы елдердің мәдени құндылықтарының қаншалықты ұқсас және қызықты екенін байқайды. Әрине, гастрономия да назардан тыс қалмайды — олар біздің ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, қазақ халқының салт-дәстүріне қаныққысы келеді», — дейді Светлана Алферова.

Оның айтуынша, туристер Қазақстанның батыс және шығыс аймақтарына да қызығушылық танытып, еліміздің бас қаласы Астананың тәуелсіздік жылдарында қалай өзгергенін көргісі келеді.

«Байқоңырға да үлкен қызығушылық танытады. Адамдар әлемдегі алғашқы ғарыш айлағын өз көздерімен көргісі келеді, сондай-ақ зымыраның көкке көтерілгенін көргісі келеді. Алайда, белгілі бір халықаралық жағдайларға байланысты қазір мұндай экскурсияларды ұйымдастыру өте қиын. Дегенмен, Байқоңырға сұраныс жоғары болып отыр», — деді ол.

Сондай-ақ Әсем Қозбағарова шетелдік туристер Қазақстанның этникалық ауылдарына, ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне көбірек тартылып жатқанын атап өтті. Олар еліміздің бай тарихи және мәдени мұрасымен таныса алатын мұражайларға белсенді түрде барады.

Қазақстанда шетелдік туристер орта есеппен қанша күн болады?

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мәліметтері бойынша бір турист орташа есеппен Қазақстанда шамамен 4 күн болады. Бұл ретте гид Светлана Алферова шетелдік туристің болу ұзақтығы әртүрлі болатынын түсіндіреді. Көп жағдайда қонақтар 2-3 күнге келеді. Бірақ, бұл топтың түріне және тур бағдарламасына байланысты. Бірнеше елге баруды қамтитын турлар бар және мұндай сапарлар әдетте үш-төрт аптаға созылады. Жалпы, болу ұзақтығы әрқашан туристердің қалауы мен саяхат жоспарларына байланысты.

Алматы туризм бюросы Маркетинг және сараптама бөлімінің жетекшісі Руслан Жанабаев ішкі және шетелдік туристердің айырмашылықтарын атай отырып, бюро жүргізген зерттеу нәтижесімен бөлісті.

«Алматыға келетін шетелдік қонақтар негізінен 26-35 жас аралығындағы ер адамдар. Олардың 40%-ы жалғыз, 30%-ы достарымен және 30%-ы отбасымен келеді. Алматыда орта есеппен 5 күн болады және әр күн сайын орта есеппен 334 АҚШ долларын жұмсайды. Туристердің 68%-ы демалуға, 32%-ы іскерлік мақсатта келеді. Жұмсалған қаражаттың 50%-ы жатын орынға кетеді», — деді ол.

Сондай-ақ, Руслан Жанабаев еліміздің мәдени астанасына қыдырып келетін ішкі туристерге де тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандықтар шетелдік қонақтарға қарағанда 8,7 есе аз ақша жұмсайды.

«Алматыға келетін ішкі туристердің орта жасы 18-25 жас аралығында. Олардың 68%-ы туысқандарының үйінде тоқтайды. Орта есеппен қалада 2 күн болады және орта есеппен 38 доллар жұмсайды. Яғни, шетелдік туристерге қарағанда 8,7 есе аз қаражат кетеді. Осы себепті біз қазір ішкі туристерге қарағанда шетелдік қонақтарды шақыруға тырысамыз. Жай ғана шетелдік емес, жоспарлы түрде келетін қалталы туристерді шақыру бойынша жұмыстар жүргіземіз», — деді бюро өкілі.

Туристер Қазақстан туралы қалай біледі

Гид Светлана Алферованың айтуынша, туристер Қазақстан туралы интернет арқылы, сондай-ақ әртүрлі фестивальдерді, мысалы, Көшпенділер ойындарының жарнамасы арқылы біледі. Сондай-ақ тікелей рейстердің де үлесі бар.

Туризм басқармасы басшысының сөзінше, шетелдік қонақтардың ағылуына түрлі факторлар, соның ішінде белгілі шетелдік блогерлер мен журналистердің келуі әсер етеді. Жыл басынан бері Алматыға Испания, Сербия, Канада, Қытай, Италия, Аустралия, АҚШ, Аргентина, Малайзия, Ұлыбритания және тағы басқа 38 елден 158 осындай танмал тұлға келді. Олардың әлеуметтік желілердегі аудиториясының жалпы ауқымы 100 мыңнан 5 миллионға дейін. Бұл қаланың және тұтастай алғанда еліміздің танымал болуына айтарлықтай ықпал етеді.

алма
Фото: Александр Павский/Kazinform

Туризм мәселелері

Туристер кездесетін негізгі проблемалар, ең алдымен, инфрақұрылымға қатысты. Светлана Алферова Алматыда да, одан тыс жерлерде де дәретханалар мен санитарлық тораптардың жоқтығын атап өтті.

«Бұл ретте ол туристік аймақтардағы көптеген дәретханалардың ақылы екенін, бірақ олардың тазалығы дұрыс сақталмайтынын айтқым келеді. Алматыда да жағдай көңіл көншітпейді — дәретханалар болса да, кейбір жерлерде олар жабық тұрады, бұл саяхатшыларға қосымша қолайсыздықтар туғызады. Тағы бір мәселе — қызметтердің қымбаттығы. Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда туристер үшін айтарлықтай қымбат ел», — деді ол.

Билік пен инвесторлардың назарында болуы керек тағы бір маңызды мәселе бар. Ол —жақсы қонақүйлердің жетіспеушілігі. Бұл тапшылық әсіресе көктемгі-жазғы маусымда қатты сезіледі.

«Біздің қонақүйлер, өкінішке орай, туристер ағынына төтеп бере алмайды. Қонақтар лас төсек-орындарға және таңғы ас кезінде тамақтың болмауына шағымданады, бірақ бұл, әрине, 4 және 5 жұлдызды қонақүйлерге қатысты емес. Қалада орташа деңгейдегі қонақүйлер жетіспейді — қонақтарға тиісті деңгейде қызмет көрсете алатын. Оның үстіне бағасы да жоғары болып тұр», — деп атап өтті Светлана Алферова.

Дәмханалар мен мейрамханаларға келетін болсақ, көптеген турист ұлттық тағамдарға оң баға береді. Тамақтың жоғары сапасын, сонымен қатар тамаша қызмет көрсету мен техникалық қызмет көрсетуді атап өтеді.

Дегенмен, соңғы уақытта кейбір мекемелерге қатысты шағымдар бар: туристер ұзақ қызмет көрсетуге, тапсырыстарды шатастырып алатындарына шағымданады, бұл кейде тур бағдарламасының бұзылуына әкеледі деп атап өтті маман.

Сонымен қатар, Светлана Альферова Алматыда шоу-бағдарламалармен ұштастыра отырып, ұлттық тағамдарды ұсынатын мейрамханалардың жоқтығына назар аударды.

«Тағы бір маңызды аспектке — багаж қызметіне назар аудармауға болмайды. Туристер келген кезде жүктерін ұзақ күтуге мәжбүр. Бұл да олардың саяхат туралы жалпы әсерін айтарлықтай нашарлатады», — дейді ол.

Алматыдағы кәдесыйдың бағасы сатып тұрған орнына байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін, бұл туристер арасында түсінбеушілік тудырады. Мысалы, Көк базар аймағында кәдесыйлар әлдеқайда арзан болса, Көктөбеде дәл сол тауар 10 есе қымбатқа түседі.

туризм
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Туристер алдымен Көктөбеге барып, жоғары бағаға тауар сатып алады, содан кейін Көк базарды аралап, сол кәдесыйларды әлдеқайда арзан бағамен тауып алады. Бұл наразылық тудырады. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар болды», — деп атап өтті Светлана Алферова.

Kazinform тілшілері шетелдік меймандардың Қазақстан туралы пікірін тыңдап көрді

Түркиядан келген Идил Дурун Алматыны көркем таулары мен таңғажайып табиғаты үшін міндетті түрде келетін жер деп санайды.

«Біз Шымбұлақта болдық, аспалы жолмен тауға көтеріліп келе жатып, күздің керемет сұлулығын, рухын сезіндік. Сондай-ақ атқа отырып серуендедік. Қала ұмытылмас әсер қалдырды. Маған әсіресе кейбір алматылықтардың тұрмысы ұнады — таңертең олар Шымбұлаққа тауға шығып, таза ауада серуендеп, сосын төмен түсіп, жұмысқа кетеді. Жергілікті тұрғындардың мұндай мүмкіндікке ие болғаны өте жақсы. Тіпті қаланың өзінде күні бойы серуендеуге болады. Көптеген саябақ пен жасыл аймақтар бар. Біз Алматыға тәнтіміз», — деді ол.

70 жастағы үндістандық дәрігер Рам Прабху Алматыға екінші жыл қатарынан келіп тұр. Ол мұнда саяхаттауға ғана емес, әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін және медициналық университет студенттеріне дәріс оқу үшін келеді. Өткен жылы Шарын шатқалы мен Көлсай көлдерін көрсе, биыл Шымбұлаққа шықты.

«Мен көп саяхаттаймын, белсенді өмір салтын ұстанамын, Үндістанда тұрамын, ол жақта қыс мүлдем болмайды. Міне, Қазақстанда мен іздегенімді таптым: Ақұлпа қар, тау, таза ауа. Мұнда табиғат кез келген дәріден жақсы емдейді», — деп атап өтті ол.

Жаңа жылда Алматыға қанша турист келеді деп күтілуде?

Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жаңа жылда Алматыға 1800-ге жуық турист келеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2024 жылдың 27 желтоқсанынан 2025 жылдың 6 қаңтарына дейін)13,6 пайызға өскен.

Медеу
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Туристер саяхаттарын орта есеппен 94 күн бұрын жоспарлайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,4%-ға көп. Бұл алдын ала жоспарланған сапарлардың жоғары деңгейін және Алматыға деген тұрақты қызығушылықты көрсетеді. Жаңа жылға Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, БАӘ, Германия және басқа елдерден туристер келеді. Осылайша, демалыс маусымында Алматыда туристік ағынның оң өсімі күтілуде. Келетін қонақтар санының артуы және алдын ала тапсырыс берудің жоғары деңгейі қалада Жаңа жылға деген үлкен сұраныс пен күтілетін белсенділікті растайды», — деді Тоқсейітова.

Сонымен қатар, Ғалия Тоқсейітова жаңа жылдық мерекелер қарсаңында Алматыда қонақүйлер 95 пайызға дейін толатынын атап өтті. Негізгі сұраныс тау бөктеріндегі тау шаңғысы курорттары мен қонақүйлер сияқты танымал орындарда шоғырланған, мұнда негізгі мереке күндері толып кету 90-95%-ға жетті. Алматыдағы орталық қонақүйлердегі нөмірлердің шамамен 85%-ы брондалған.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл қаланың шетелдік туристер үшін де, жаңа жылдық демалысын Алматыда өткізуді жоспарлаған отандық қонақтар үшін де тартымдылығын айғақтайды.

Оның айтуынша, 30 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында қалада

4 және 5 жұлдызды қонақүйлерде тұру бағасы тұрақты болады деп күтілуде. Бұл туристер 4 жұлдызды қонақүйлерде бір түнге орташа есеппен 105 долларға нөмір брондай алады деген сөз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмен. Бес жұлдызды қонақүйлерде бір түнге баға $207 болады, бұл да өткен жылмен салыстырғанда 27,1%-ға төмен.

Осы ретте туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова Алматыда қонақүй бөлмелерінің жетіспеушілігі мәселесіне назар аударды. Қаладағы қонақүй қызметтеріне өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін барлығы 4426 нөмірді қамтамасыз ететін 30 жаңа қонақ үй жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатып. Жобалардың жалпы құны 339,5 млрд теңге.

«Қазір 1365 жаңа бөлмені ұсынатын 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 22 нысан жобалау сатысында. 2024 жылы 612 нөмірі бар үш жаңа қонақүй пайдалануға беріліп, 2027 жылға қарай жоспарланған барлық жобаны жүзеге асыру аяқталады. Бұл қаланы қосымша қонақүй нөмірлерімен қамтамасыз етіп, туристердің мегаполисте жайлы тұруы үшін жағдайды жақсартады», — деді спикер.

қонақ үй
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Қонақ үй қорын кеңейтумен қатар, біз таулы аймақтардағы инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылып жатыр.

«1000 шақырымнан астам жаяу жүргінші жолдары цифрландырылған, оның ішінде 750 шақырым жақсартылып, 13 кемпинг аймағымен толықтырылған. Бұл жолдарға қолжетімділік „2Gis“ және „View Ranger“ сияқты танымал цифрлық платформалар арқылы қамтамасыз етілген. Бұл маршруттарды жоспарлауды жеңілдетіп, Алматы табиғатын барлығына қолжетімді етеді. Қонақтардың қызмет көрсету деңгейі мен жайлылығын арттыру мақсатында Алматыда 9 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. Мұнда бірнеше тілді меңгерген мамандар туристерге қалада қозғалуға, көрікті жерлерді табуға, сондай-ақ көлік және іс-шаралар туралы ақпарат алуға көмектеседі. Сонымен қатар, туристік саланың қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі курстары сияқты білім беру бағдарламалары да бар, бұл қызмет көрсету сапасын жақсартып, Алматының халықаралық аренадағы беделін нығайтады», — деп жауап берді ол.

Туристердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды.

«2021 жылдан бастап алыс таулы аймақтарда 18 үйшік орнатылды, ал 2024 жылы құтқарушыларды шұғыл жағдайларға жедел әрекет етуге даярлау бойынша оқу бағдарламалары ұйымдастырылды. Алматы халықаралық әуежайында заңсыз тасымалдау қызметтерімен күресу үшін туристер сенімді такси қызметтерін жылдам жүктеп алу үшін QR-кодтар орнатылды», — деді туризм басқармасының басшысы.

Соңғы жаңалықтар