Алматыдағы университет аумағында өрт шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 20 қараша таңертең Алматының Медеу ауданында ғимарат өртенді.

Алматыдағы университет аумағында өрт шықты
Видеодан алынған кадр

Жалын төрт қабатты ғимаратта пайда болды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, таңғы сағат 5:00 шамасында Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесінің маңында қатты түтін иісі сезілген. Кейін оқиға орнына бірнеше полиция экипажы мен өрт сөндіру көлігі келген.

Әлеуметтік желіде тараған кадрларға қарағанда, өрт Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аумағында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлама жұма таңертең түскенін мәлімдеді.

— Бүгін таңертең Алматы қаласының Медеу ауданында ТЖД бөлімшелері шақырту орнына жедел жетіп, Абай даңғылы бойындағы төрт қабатты ғимараттағы өртті сөндіруге кірісті. Өрт екінші қабаттан шыққан. Тілсіз жау 126 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. ТЖД күштерімен екі адам эвакуацияланды, — деп хабарлады ведомство.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Еске салайық, жексенбі күні № 2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв спорт мектебінің жеңіл атлетика манежінде өрт шыққан еді.

Спорт басқармасының мәліметінше, өртенген спорт мектебінің ғимараты толықтай қалпына келтіріледі.