Алматыда олимпиадалық резервтегі балалар мектебі өртенді: спортшылар қайда барады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы ең көне спорт оқу орындарының бірінің ғимараты өртенді.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

15 қараша күні Алмалы ауданында ірі нысанда өрт шықты. Кейін өрт болған ғимарат Брусиловский көшесі, 134а мекенжайында орналасқан № 2 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетика манежі екені белгілі болды. Өрт сөндірушілердің күшімен жалын сағат 10:25-те толық өшірілді.

Спорт мектебіндегі өртке байланысты Алматы қаласының спорт басқармасы мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметіне сәйкес, спортшылар үшін жаттығу процесі тоқтамайды. Манежде өткізіліп келген барлық жаттығулар басқа қолданыстағы спорт базаларына ауыстырылмақ.

- Барлық спортшылардың жаттығуларын жалғастыруына жағдай жасалады. Мектеп әкімшілігі мен жаттықтырушылар ата-аналар мен спортшыларды жаттығулардың өтетін орындары мен кестесі туралы хабардар етіп жатыр. Өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептерін құзыретті органдар анықтап жатыр, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін ТЖД Алматының тұрғын үйлеріндегі өрттің негізгі себептерін атады.