Алматыдағы «вафель» таңбасы: ереже бұзғандарға айыппұл қай уақыттан салына бастайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 22 қарашадан бастап «вафельді» таңба бойынша талапты бұзған жүргізушілерге айыппұл салына бастайды.
Қалалық әкімдік мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру аясында мұндай таңба салынған қиылыстарға қосымша 43 камера орнатылған. 25 қазаннан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 594-бабында («Жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту») көзделген құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркеудің пилоттық жобасы басталған. Сынақ мерзімі кезінде осындай мыңнан астам дерек анықталған.
22 қарашаға дейін кешендердің жұмыс алгоритмдерін реттеу жүргізіліп жатыр. Мұның мақсаты – заңбұзушылықтарды дәл анықтау және қателесіп салынатын айыппұлдардың алдын алу.
— Аралық нәтижелерге сүйенсек, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 594-бабы бойынша автоматты тіркеу және деректерді Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі Процессинг орталығына жіберу жол қозғалысы қатысушыларының тәртібін күшейтіп, қиылыстардағы кептелісті азайтады, - деп хабарлады әкімдік.
Сонымен бірге «Сергек» кешенін ресми түрде іске қосу және оны Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімімен біріктіру үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Осы аптада бес қиылыс толық дайын болады, қалғаны айдың соңына дейін аяқталады.
Еске салайық, Алматыда алғашқы «вафельді» таңба 2019 жылы пайда болған еді. Сол кезде тәжірибе ретінде екі қиылыста салынған. Кейін бұл бастама тоқтағанымен, 2025 жылы жоба қайта жанданды. Қазір мұндай жол таңбасы қаланың 10 көше қиылысында бар.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 2019 жылы жол қозғалысы ережелерінде мұндай таңбаға қатысты нақты норма болмаған. Ал бүгінде ол ресми түрде бекітіліп, «вафельді» таңбамен белгіленген, бірақ бос емес қиылыстарға шығу құқықбұзушылық болып есептеледі.