Алматыдағы Ядролық физика институты

Алматыдағы Ядролық физика институты
Фото: Ю.Куйдин

Kazinform «Тарихи фото» айдарын ұсынады. Бүгін редакция Алматы қаласындағы ядролық және қатты денелер физикасы, радиоэкологиялық зерттеулер, ядролық және радиациялық технологиялар саласындағы жетекші ғылыми ұйым – Ядролық физика институтының құрылу тарихын баяндайды. 

Қазақстан ғалымдары ХХ ғасырдың 50-жылдарында-ақ республикада ядролық физика және атом энергиясын халық шаруашылығында пайдалану саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту қажеттігін түсінді.

«Қазақстанның өндірістік күштерінің кеңеюі Қазақстан ғылымын тиісті деңгейде күшейтуді және ең алдымен өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және денсаулық сақтау саласына ядролық физиканың соңғы жетістіктерін енгізуді талап етеді», - деп жазды Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП Орталық Комитетіне жолдауында.

Қаныш Имантайұлының ұстанымын сол кезде Игорь Васильевич Курчатов және Қазақстанның көптеген белгілі физиктері қолдады. Олардың ұсынысы КСРО және Қазақ КСР үкіметі тарапынан да қолдау тапты. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президиумы 1957 жылдың 25 шілдесінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Физика-техникалық институты базасында Ядролық физика институтын құру туралы №-14/4 қаулысын шығарды. 

Алматы
Фото: inp.kz

 

Ядролық физика институтын құру жұмысы оның құрылымын анықтаудан басталды. Қазақ КСР Ғылым академиясында оның құрамына биология ғылымдары бөлімшесінің, жер туралы ғылым бөлімшесінің және басқа да бөлімшелердің зертханаларын қосуды жақтаушылар болды. Алайда ядролық физика институты қатаң физикалық профильге ие болуы керек деген шешім қабылданды.

Ядролық физика институты дамыған сайын оның құрылымы өзгерді: секторлар бөлімдермен, орталықтармен ауыстырылды, жаңа зертханалар ашылып, ескі зертханалар түрленді.

Қазір бұл Қазақстандағы атом өнеркәсібі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер мен кадр даярлау ісіндегі жалғыз орталық.

Соңғы жаңалықтар