Алматыдағы Желтоқсан көшесіндегі BRT іске қосылғаннан кейін жүргізушілерге айыппұл салына бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полиция BRT желісі іске қосылғаннан кейін Желтоқсан көшесіндегі арнайы автобус жолағына шыққан жүргізушілеріне айыппұл сала бастады.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, BRT іске қосылған алғашқы кезеңде негізгі назар айыппұл салуға емес, түсіндіру және алдын алу жұмыстарына аударылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жолдағы өзгерістерді түсіндіріп, жаңа жол белгілері мен таңбалардың мағынасын көрсетті. Сондай-ақ жүргізушілердің жаңа қозғалыс тәртібіне тезірек үйренуіне көмектесті.
— Бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдана бастайды. Әсіресе, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарда көлік құралдарын тоқтату және қою, сондай-ақ жеке автокөліктердің BRT жолағына шығу фактілеріне ерекше назар аударылады. Құқық бұзушылықтар полиция нарядтарымен қатар фото және бейнебақылау құралдары арқылы да тіркеледі, — деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысына жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен өзара құрметті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға және қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтірмеуге үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Желтоқсан көшесінде BRT желісі іске қосылғанын хабарлағанбыз.
Ұзындығы 4,6 шақырым болатын жаңа желі Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT учаскесі мен Райымбек батыр даңғылы бойында салынып жатқан аумақты жалғап, оңтүстіктен солтүстікке қарай үздіксіз жылдам автобус қатынасын қамтамасыз етеді.