Алматыдағы жүктілікті қорғау орталығында қандай қызмет көрсетіледі
АЛМАТЫ. KAZONFORM – Алматы перинатология орталығының базасында жүктілікті қорғау орталығы ашылды. Мұнда бір терезе қағидаты бойынша жүктілік кезінде диагностикалаудың толық циклынан өтуге болады.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мегаполистің инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысында айтты.
Орталықтың негізгі міндеті-ультрадыбыстық скрининг жүргізу және пәнаралық пренатальды консилиум құру арқылы жатырішілік ақауларды анықтау.
Биыл Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүктіліктің анықталған даму ақауларын жатырішілік түзету мақсатында ұрық хирургиясын енгізу басталды, бұл перинаталдық өлім-жітім мен балалардың мүгедектігін азайтуға мүмкіндік береді.
Төрт маман Израильде, Ресейде фетальды хирургия бойынша оқудан өтті. Сондай-ақ дәрігерлерді Үндістанға оқуға жіберу жоспарда.
«Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,9 млрд теңге сомасына ұрықтың туа біткен кемшілігін диагностикалау, анықтау және жатырішілік түзету үшін жабдық сатып алынды. Сондай - ақ, «Аяла» қоры 17,7 млн теңгеге фетальды хирургияға арналған жабдықтар ұсынды», - деп атап өтті Әсем Нүсіпова.