Алматыдағы жұмыссыздық пен еңбек нарығы: қандай мамандарға сұраныс жоғары

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың төртінші тоқсанында Алматыдағы жұмыссыздық деңгейі 4,5% болған. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны 53 мыңнан асады.

жұмыссыздық
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы агенттік сауалына берген жауабында жұмыссыздардың жас ерекшелігіне көрсетті:

• 16–24 жас аралығындағы жастар — 9 916 адам;
• 25–28 жаста — 5 448 адам;
• 29–34 жаста — 4 425 адам.

Ведомство мәліметінше, жұмыссыздар арасында 35–44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі көп — 21 363 адам. Сонымен қатар 45–54 жас аралығындағы 6 348 адам, 55–64 жас аралығындағы 6 024 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Жұмысқа орналасуға жәрдемесетін қандай бағдарламалар бар

Жұмыс іздеген азаматтар үшін Достық даңғылы, 85 мекенжайында орналасқан Әлеуметтік қызметтер үйінің маңызды ерекше. Орталық «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді: мұнда жұмыс бойынша кеңес алуға, әлеуметтік төлемдерді, атаулы көмекті және мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын рәсімдеуге болады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, қалада жұмыспен қамтудың белсенді шараларын Еңбек мобильділігі орталығы жүзеге асырады. Оның қызметі Әлеуметтік қызметтер үйімен тығыз байланысты, яғни жұмысқа орналастыру, оқыту және әлеуметтік қолдау мәселелері кешенді түрде қарастырылған.

әйел, қыз
Фото: freepik

Уақытша жұмыспен қамту үшін әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстар бар. Кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектері үшін кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары қолжетімді. Сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға болады.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жасқа таяған қызметкерлердің кәсіби тәжірибесін оқуын бітіргеніне екі жылдан аспаған 35 жасқа дейінгі жас мамандарға беруге бағытталған. Ал 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы жұмыс істейді.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына ақпараттық жүйеде тіркелген жері бойынша жұмыссыз ретінде есепте тұрған тұлғалар қатыса алады. Сонымен қатар ізденушілерге заңгерлік көмек пен кеңес беріледі. Бос жұмыс орындарымен «Электрондық еңбек биржасы» (Enbek.kz) порталы арқылы танысуға болады. Порталда мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге және жұмыс жағдайы, кестесі, жалақы деңгейі бойынша ыңғайлы іздеу жүйесі енгізілген.

Биыл ақпан айындағы жағдай бойынша Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 4,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 865 адам — тұрақты жұмысқа, 2,9 мыңы — субсидияланатын орындарға барды. Тағы 878-і — жеке бастамалар негізінде, ал 43 адам салалық ерекшеліктеріне қарай жұмыс тапты.

с
Фото: Алматы әкімдігі

Түлектер практиканы қайда өте алады

Оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған және жасы 35-ке толмаған жоғары оқу орны мен колледж түлектері үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама алған мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. 2026 жылы бағдарлама қатысушылары мемлекеттік мекемелерде, компанияларда (ЖШС), жеке кәсіпкерлерде, үкіметтік емес ұйымдар мен тұтыну кооперативтерінде уақытша жұмысқа орналаса алады.

Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Enbek.kz платформасының мәліметінше, бүгінде Алматыда білім беру саласының мамандарына — тәрбиешілер мен олардың көмекшілеріне, математика мұғалімдеріне, хатшылар мен әлеуметтік педагогтарға сұраныс жоғары.

жүргізуші
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Қызмет көрсету секторында SMM-менеджерлерге, әкімшілерге, жүргізушілерге, аспаздар мен ас үй жұмысшыларына, күзетшілерге, қосалқы жұмысшыларға, аула сыпырушылар мен жүк тиеушілерге сұраныс сақталып отыр. Денсаулық сақтау саласында мейірбике, санитар, акушер мен лаборанттар қажет болса, сауда саласында мерчендайзерлер, кассирлер, курьерлер мен супервайзерлер тапшы.

Жәрдемақы және жұмыссыздық көрсеткіші

2025 жылы жұмысынан айырылуына байланысты 27 мыңнан астам адам жәрдемақы алған. Осы жылдың басынан бері бұл төлем 5 мыңнан астам азаматқа тағайындалды. Ведомство кейінгі жылдары Алматыда жұмыссыздық деңгейінің тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өтті. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,8% болса, 2024 жылы 4,6%-ға, ал 2025 жылы 4,5%-ға дейін төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін жұмыстан шығып қалғанда 45%-ға дейінгі төлем қалай тағайындалатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум