Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысы Тарғап ауылы тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының ашылу өтті, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді. Сонымен қатар «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарай кешені, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады. Осылайша road-эстафета табиғатты қорғау, мәдени мұраны сақтау және экологиялық патриотизмді қалыптастыру міндеттерін тоғыстырады.
«Мемлекет басшысы егер осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, Қазақстан нағыз жасыл ел болатынын айтты. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, оған ұқыпты қарау тек міндет қана емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс», – деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Акция аясында белсенділер мен волонтерлер жол жиегін, автотұрақтар мен кемпинг аумақтарын тазалайды. Жұмыс квадрокоптерлер арқылы жүргізілген аэробарлау деректеріне сүйене отырып ұйымдастырылады. Жиналған қоқыс полигондарға жеткізілмек.