Алматыдан Токиоға тікелей рейс қашан ұша бастайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылғы наурызда Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Токио арасындағы жаңа тікелей әуе қатынасын іске қосады.

Алматыдан Токиоға тікелей рейс қашан ұша бастайды
Фото: centrum-air.com

Рейс қарсаңында Жапонияның жетекші туроператорлары Алматыда қазақстандық туристік индустрия өкілдерімен кездесті.

Мамандардың айтуынша, Алматы – Токио тікелей рейсінің ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы туристік және іскерлік байланысты жаңа деңгейге шығарады.

Алдын ала болжам бойынша, рейс іске қосылған алғашқы жылы Жапониядан 5-7 мыңға дейін турист келуі мүмкін.

– Жапония – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нарық. Бұл сапар мен болашақ рейс екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық пен қызығушылықты жаңа деңгейге көтереді, - деді Алматы туризм басқармасының өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышев алдағы уақытта Қазақстаннан қай қалаларға әуе рейсі ашылатынын айтып берген еді.