«Алматыэлектротранс» экс-басшысы шетелде іздестіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Берікхан Мырзакәрімов 2023 жылдың соңынан бері іздестіріліп жатыр.

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу фактісі бойынша күдікке ілінген.
— Алматы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде Мырзакәрімов Б.К.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, яғни аса ірі көлемде жымқыру — ред.) бойынша қылмыстық іс бар. Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады ведомство агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Айта кетейік, Мырзакәрімов «Алматыэлектротранс» ЖШС-ін 2021 жылғы ақпанда басқарған, ал 2023 жылғы желтоқсанда оған іздеу жарияланған.
Былтыр «Алматыэлектротранс» экс-басшысын іздеу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланғанымен, оның халықаралық іздеуде екені айтылмаған еді.