Алматыға 149 мың студент сырттан келеді: жатақханалар дайын ба
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаңа оқу жылына қарай студенттер үшін 61,2 мың жатын орын дайындалады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, бүгінде қаладағы 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алады, оның 149 мыңы басқа өңірлерден келген жастар. Сондықтан қалада студенттерге арналған тұрғын үйге деген сұраныс жоғары.
- Соңғы бір жылда жатақханалардағы орын тапшылығы төрт есеге жуық қысқарды. Қазір Алматыда 136 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Оның 43-і 2023 жылдан бері пайдалануға берілген, ал былтыр рекордтық 4,5 мың орын іске қосылды. Бүгінде жатақханаларда 46,2 мың студент тұрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мыңға көп. 2026 жылдың соңына дейін қалада тағы 13 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. 1 қыркүйекке дейін Алматыда жалпы 61,2 мың орын дайын болады, - деді ол.
Азиз Кажденбек студенттер қалаға келіп жатқан кезеңде кеңес беру орталықтардың жұмысы күшейтілгенін атап өтті. 10 тамыздан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Оның жанында тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы бар. Кеңес алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70.
- Студенттерге қай жерде орналасуға болатыны, жатақханаға қалай өтініш беру керектігі, орын берілмеген жағдайда не істеу қажеттігі және қиын жағдай туындағанда қайда жүгіну керектігі түсіндіріледі. Осындай орталықтар Алматыдағы барлық жоғары оқу орнында жұмыс істейді, - деді басқарма басшысы.
Одан бөлек белгілі бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге уақытша тұрғын үй ұсынылады. 22 тамызда Мәуленов көшесі, 108А мекенжайындағы ALT Университетінің №1 Студенттер үйінде 50 орындық Дағдарыс орталығы ашылады.
Еске салайық, былтыр Алматыда Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарына қанша студент жүгінгенін жазғанбыз.