Алматыға 4 өңірдің полиция қызметкерлері келді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «STOP бұзушылық» ауқымды операциясы басталды.

а
Фото: видеодан алынған кадр

1 сәуірде басталған операция 10 сәуірге дейін жалғасады. Алматы қаласының полиция департаменті іс-шараға Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан қосымша күштер тартылғанын атап өтті.

Операция құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және мегаполистегі жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

— Полицияның әрбір әрекеті заңды, ашық әрі кәсіби болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдұлдинов.

Еске салайық, Алматының Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. Биыл 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы жол апатынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар