Алматыға әлемнің үздік жас шахматшылары келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтан кадеттер (U8, U10, U12) арасындағы әлем чемпионаты басталды. Жарыс 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Аталған додаға әлемнің 88 елінен 850-ден астам жас шахматшы қатысады. Атап айтқанда, Үндістан – 28, Қытай – 25, АҚШ – 24 спортшы қатысады. Қазақстан намысын 200-ден астам адам қорғайды.


Әлем біріншілігінің ашылуында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал Халықаралық шахмат федерациясы президенті Аркадий Дворкович еліміздің оңтүстік астанасында өтіп жатқан халықаралық жарыстың ерекшелігін атап өтті.
– Кадеттар арасындағы әлем біріншілігі жыл сайын өтеді және бұл жарысқа ең үздік жас шахматшылар жиналады. Алматыдағы турнирдің ерекшелігі - мұнда жиналған федерациялар өкілдерінің саны рекордтық деуге болады. 88 федерация өз делегациясын жіберді. Қазақстан атынан 200-ден астам бала қатысады, бұл елдегі шахмат деңгейінің айтарылтай өсіп келе жатқанын көрсетеді, - деді Халықаралық шахмат федерациясы президенті Аркадий Дворкович.

Ал Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов халықаралық жарыстың жергілікті шахматшылар үшін маңызына тоқталды.
– Бұл шахматтағы осы жылдың басты оқиғаларының бірі деуге болады. Себебі шынайы бәсекелестік кіші жас санаттарынан басталады. Қазақстанға турнирде үлкен квота берілді. Сондықтан біздің жас шахматшыларымыз әлемнің үздіктерімен бақ сынап, тәжірибе жинай алады. Биыл шахматшыларымыз 100-ден астам жүлде әкелді. Бұл жарысқа да үміт артамыз, балаларымыз жүлделі болады деп сенеміз, - деді ол.

Еске салайық, биыл Лондонда өткен жылдам және блиц шахматтан командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, командалық есепте күміс жүлдені иеленді.