Алматыға дейінгі жол, Шерзат ісі, су тапшылығы - Талғар ауданы әкімімен сұхбат

ТАЛҒАР. KAZINFORM — Алматы облысындағы ең ірі ауданның бірі — Талғар. Мұнда 260 мыңнан астам халық тұрады. Бір шеті Алматымен шектесіп жатқан бұл ауданның өткір мәселесі де көп. Kazinform тілшісі Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбековпен тілдесіп, тұрғындарды мазалайтын бірқатар сұрақтың жауабын алды.

әкім
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

— Талғар ауданына әкім болып келген 2023 жылдан бері қандай оң өзгерістер болды? Қызметке кіріспей тұрып алға қойған мақсаттарыңызға жете алдыңыз ба?

— Талғар ауданында ресми халық саны — 265 мың. Алайда өзіміздің есебіміз бойынша тұрғындар саны 300 мыңнан асады. Аумағында Талғар қаласы және 10 ауылдық округ бар. Онда 46 елді мекен орналасқан. Негізі 47 еді, бірақ Дәулет ауылы Алатау қаласына қосылды.

Әкім болып тағайындалғаннан кейін басты міндетіміз — халықтың әл-ауқатын көтеру және ауданды көркейту. Бұл жаттанды сөз болып естілуі мүмкін, бірақ басты мақсатымыз осы. Ал өзгерістер болуы үшін бірінші қаражат мәселесі шешілуі керек. 2023 жылдың басында келдім. 2025 жылдың басымен салыстырсақ, салық түсімі 3 есе көтерілген. 2022 жылды 52 млрд теңгемен жапсақ, бүгінгі күні 157 млрд теңгеге жетті. 2024 жылға дейін біз дотациялық ақша алатын аудан болсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 4,5 млрд қаржы артық түсіріп, облыстағы донор аудандардың қатарына кірдік.

«Ақшаға ақымақ та жасай алады» деген сөз бар. Берілген ақшаға уақытылы жұмыс жасау — ол бір, тағы бір мақсат — инвестиция тарту. 2022 жылы инвестиция көлемі 79 млрд болса, бүгінгі күні 145 млрд теңгеге көтерілді. Инвесторлар қайда келеді? Жайлы, жұмысқа ыңғайлы, инфрақұрылымы бар жерге келеді. Аудандағы ең үлкен жобаның бірі — «Қайрат» индустрия аймағы іске қосылып, бізге экономикалық серпін берді. Онда 4 зауыт ашылды. Жалпы 2022 жылы облыс бойынша талдау жасалған. Сонда мен келген жылы халықтан алынған 89 проблема болды. Оның ішінде ауыз су жетіспеушілігі, кәріз және жол секілді мәселелер бар. Бүгінге дейін 26-сының шешімін таптық, 37-сін шешу үшін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тағы 30-дан астамына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл 89 сұрақты алдағы 5 жылда толық жабамыз.

талғар
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Аудан тұрғындарының басым бөлігі Алматы қаласына барып жұмыс істейтіні белгілі. Алматы-Талғар тасжолы арқылы күніне 40 мыңнан астам көлік мегаполиске кіреді. Осы орайда, тұрғындар ұзын-сонар кептеліске, жолдың небәрі 4 жолақты екеніне жиі шағым айтады. Осы мәселені шешу үшін алдағы уақытта не істеледі?

— Бұл — аудандағы ең өзекті мәселенің бірі. Бірақ ақырындап шешімі табылып келеді. Жалпы біз жолды екіге бөлеміз: Алматыдан Бесағаш ауыл маңындағы айналма жолға дейінгі учаскені Алматы қаласы өз қарамағына алған. Бүгінгі күні осы аумаққа қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы жасап, күзде үлгерсе жұмысты бастайын деп отыр. Онда 4 жолақты жол 6 жолаққа кеңейтіледі, жаяу жүргіншілер жолы, веложол болады және көше жарықтары жаңартылады.

Ал Бесағаштан Талғар қаласына дейін 2 жолақты жол. Оны кеңейту жобасын әзірлеуді ҚазАвтоЖол компаниясы бастап кетті. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтсе, келесі жылы қаражаттың бөлінуіне қарай жұмысты бастайды. ҚазАвтоЖол мәліметінше, бұған үлкен қаражат қажет. Қызыл жолақта тұрған құрылыстар бар. Оларды сот арқылы бұзу керек. Бірақ болашақта 4 жолақты жол және жаяу жүргіншілер жолы болады.

Одан бөлек Талғар қаласының кіреберісіндегі Қонаев көшесі 2 жолақты болған. Оны облыс әкімдігінің қолдауымен 4 жолаққа дейін кеңейттік.

— Алматы мен Талғар арасында жол мәселесі баяғыдан бар. Неліктен ол енді ғана қолға алынып жатыр?

— Бұл менің алдымда да көтеріліп келе жатқан сұрақ. Көбіне қаражатқа байланысты. ҚазАвтоЖолдың республика бойынша жолдары көп. Құлжа трассасы да өте маңызды жол, оны осы жылы бітірді. Ендігі кезек — Талғар тасжолына келіп тұр.

— Талғар ауданындағы басты проблеманың бірі — ауыз су. Әсіресе, Алматымен шекаралас Бесағаш сынды ауылдарда бұл мәселе өте өзекті. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?

— Талғар ауданы бойынша су мәселесі, сапасы жағынан да, су жетіспеушілігі жағынан да сын көтермейді. Бірінші келген кезімде су тапшылығы Бесағаш ауылында болған. Қанша жылдан бері халық қиындық көріп келе жатыр екен. Әсіресе, жазғы уақытта су қажеттілігі 10 есе өседі. Қыс кезінде тыныш. Осы күнге дейін Бесағашқа жекеменшік «Тасқын» компаниясы су берген. Су жүйесі кеңес заманынан қалған. 4-5 мың адамға есептелген су жүйесі қазір 25 мың тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Сосын әрине, мәселе туындайды. Одан бөлек «Тасқын» компаниясы «Алматы су» компаниясынан су алады, олардың алдындағы берешегі 300 миллионға дейін барған.

Осы су тапшылығын шешу үшін Бесағаштың жоғары жағында «Оңтүстік» жобасы басталған. Бірақ 2022 жылы тоқтап қалды. Негізінен жер мәселесіне байланысты — жекеменшікке беріліп, одан өте алмаған. Сондықтан 2023 жылы осыны қолға алып, 3 айдың ішінде жобаны бітіріп, жер мәселесін шештік. Мемлекеттік сараптамадан қысқа мерзімде шығарып, сол жылы байқау арқылы мердігерді анықтадық. Жобаның құны — 5 млрд теңгедей болды. 2024 жылы облыс бюджетінен 100 млн теңге, республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен былтыр 2 млрд теңгеге жуық ақшаны игеріп, жұмыс атқарылды. Жақында өзім тексердім, қазіргі уақытта жұмыс 70 пайызға орындалған. 40 шақырымға дейін желі тартылады және сайдан жоғары қарай су тарту үшін 4 сорғы қойылады. Бірақ тағы да қаражат мәселесіне тіреліп отыр. Ар жағында қалған 3 млрд теңгенің 1 млрд теңгесі облыс бюджетінен бөлінді. Енді тағы 2 млрд қажет. Республикадан көмек болса, жұмысты биыл бітіреміз. Жалпы жоба іске қосылса, 25 мың адам сумен қамтамасыз етіледі.

— Ауыз су мәселесіне саяжай тұрғындары да жиі шағымданады. Саяжайға жағдй жасау тікелей әкімдіктің құзыретіне кірмейді. Дегенмен осы бағытта белгілі бір жұмыс атқарылып жатыр ма?

— Облыс бойынша 350-ден астам саяжай болса, оның 154-і біздің ауданда. Саяжай елді мекенге кірмейді, негізі халық демалыс күндері баратын орын. Алайда қазір адамдар онда тұрғылықты мекендейді. Сол себепті 2023 жылдан бастап саяжай аумақтарын елді мекендерге қосу жұмысын бастадық. Бүгінге дейін 154 саяжайдың 119-ын елді мекенге кіргіздік. Тағы 20-дан астамы жұмыс барысында. Бірақ елді мекеннен алыс саяжайларды бұл тізімге қоса алмаймыз. Негізі саяжай барлық мәселесін өз ішінде өзі шешуі керек. Қазір олар елді мекенге қосылған соң біраз жұмыс пайда болды. Енді оларды келешекте біртіндеп шешеміз.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Былтыр қазан айында 16 жасар Шерзат Полаттың өлімі бүкіл қазақстандықтардың назарын Талғарға аударды. Арада жарты жылдан астам уақыт өткенде Талғар қаласы мен аудандағы қауіпсіздік қандай деңгейде? Қылмыс ахуалы жайында не айтасыз?

— Өткен жылы Шерзат баламыз кісі қолынан көз жұмды. Осы оқиға арқылы Талғардың да жаман аты шықты. Содан кейін көп жұмыс атқарылды, бізде полиция басшысы, прокурор және өзге де лауазымды тұлғалар ауысты. Жаңа прокурор келгеннен кейін «Профилактика 365» бағдарламасын бастады. Оның мәні — балаларды мектеп кезінен бастап тәрбиелеу, ата-анасымен жұмыс істеу. Бұл жоба қылмысты төмендетуге үлкен серпін беріп жатыр. Зейнетке шыққан құқық қорғау органдарының өкілдері мектептерде сабақ жүргізді. Одан бөлек, біздің ауданда жекпе-жекке қатысы бар спорт ұйымдары көп, олармен біраз жұмыс атқардық. Патрульдік полицияның түнгі рейдтері көбейді.

Сонымен қатар қылмысқа көбіне себеп болатын ол — ішімдік. Түнде ішімдік сатқан дүкен, кафелердің маңында қылмыс болады. Сондықтан біздің құқық қорғау орындары 60-қа жуық сауда орнының лицензиясын тоқтатты. Беймезгіл ішімдік сату тоқтағаннан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық, көшедегі төбелес азайды. Жалпы 6 айдың ішінде қылмыс ауданда 12 пайызға төмендеді.

сұхбат
Фото: Kazinform

— Шерзат Полаттың өліміне қатысты соттың көрдіңіз бе?

— Иә, бақылап отырдым. 

— Әділ үкім берілді деп ойлайсыз ба?

— Әрине, әділ үкім болды.

— Талғар ауданында қанша бейнебақылау камерасы бар және олардың санын көбейту жоспарланып отыр ма?

— Талғар ауданында небәрі 72 камера болған, оның жартысынан азы жұмыс істеген. Оларды техникалық жөндеуге онша ақша бөлінбеген. Өткен жылы облыс бойынша үлкен жоба басталды. Соның ішінде біздің ауданға 1000 камера қойылды. Оның 450-і Талғар қаласында. Бұл камералар адам көп жиналып, оқыс әрекет болып жатқанынан хабар бере алады. Қазір камералардың орнын қайта тексеріп, бір тұста бірнешеу орнатылған камераларды тұрғындар сұраған басқа орынға қойып жатырмыз.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Талғар ауданындағы өзекті мәселенің бірі — жарықтандыру. Аудан ауылдарын қашан 100 пайыз жарықпен қамтуды жоспарлап отырсыздар?

— 1-2 жылда 100 пайызға жеткізуге болады. Бірақ оның күтіп ұстауы бар және жарыққа ақша төлеуіміз керек. Ол түскен салыққа байланысты. Бізде төртінші бюджет дейміз, ауыл әкімдерінің бюджеті. Олар сол бюджеттен төлеуі керек. Бұл жағынан әлі де қаражат жетіспейді. Десе де, мен келген жылдан бастап бүгін дейін 3,5 мың жарық тірегін қойдық. Бізде аудан бойынша 900 жуық көше болса, оның 600-ден астамында жарығы бар. Талғар қаласында 55-60 көше қалды. Осы жылға облыстан қаражат сұрадық. Оны мәслихат қарайды. Ал барлық ауылдарда жарық жүргізу қаржы мәселесіне келіп тіреледі.

— Ауданда мәдени немесе спорттық орталықтар бойынша қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Бізде өткен жылы үлкен жоба басталды. Испанияның «Атлетико Мадрид» академиясы ашылып жатыр, бұл — біздің мақтанышымыз. Қазір 138 бала қабылданды, алдағы уақытта 300 балаға дейін көбеюі мүмкін. Одан бөлек Қазақстан футбол федерациясы академиясының құрылысы басталды.

Сонымен қатар Талғар қаласының орталық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ал Бесағаш ауылында жаңа мәдениет үйін аштық. Жалпы аудан бойынша 5 мәдениет үйі бар, олар — Бесағаш, Тұздыбастау, Алатау, Нұра ауылдары мен Талғар қаласында. Сондай-ақ бұрын жекеменшікке беріліп кеткен Панфилов ауылындағы мәдениет үйін қайтарып алып жатырмыз. Сот процесі жүріп жатыр. Бірақ мен бұл жобаларға қарағанда су, кәріз, жол мәселелеріне көбірек көңіл бөлемін. Өйткені кей жаңа ауылдарда көше жоқ, жол балшық. Сондықтан көбіне табылған қаражатты өткір мәселелерге жұмсауға тырысамын. Бірақ болашақта жобаларымыз көп. 11 округтің жетеуінде кітапхана бар.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Талғар қаласындағы «Жастар» стадионын инвестиция тарту арқылы қайта жаңғырту жоспарланған еді. Бірақ тұрғындар стадион жекеменшікке өтіп кете ме деп бастамаға қарсылық білдірді. Оның болашағына қатысты қандай шешім қабылданды?

— «Жастар» кеңес одағы тұсында жақсы стадиондардың бірі болған. 2013 жылы онда күрделі жөндеу жасалған. Кейін ол бойынша сот та өтті. Мен келген жылы сараптаманың нәтижесі бойынша нысан апатты деп танылды. Содан бізге «оны пайдалануға болмайды, қауіпті» деген қағаз берілді. Біз оны жауып қойғанбыз. Өзге сұрақтар бар кезде оған жеке қаражат бөлу мүмкін болмады. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвестор тапқанбыз. Ол коммерциялық нысан емес. Кәсіпкер жобасын көрсетіп, 25 жылға жалға беру жоспарда болды. Ол байқауға да шыққан жоқ. Жобаны халықтың алдына шығарып көрдік, бірақ қолдау таппады. Бүгінгі күні тоқтатып қойдық. Енді келесі жылы жобалау-сметалық құжаттамаға ақша сұратып көреміз. Қазір штат бекітіп, тазалығын қамтамасыз етеміз.

— Талғар қаласының жаңа әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы әлеуметтік желілерді өте белсенді жүргізеді. Ол кісінің бұл бағыттағы жұмысына қалай баға бересіз? Өзіңіз де әлеужелілерді пайдалануға қалай қарайсыз?

— Әрине, оң баға беремін. Бірақ олай түсіру мінезге де байланысты. Мүмкін оның әртістік қабілеті жоғары шығар. Біз жұмысымызды үндемей істейміз. Бірақ менің де Instagram, Tiktok парақшаларым бар. Менің телефоным халықтың қолында. Күніне 20-30 қоңырау түседі. Мәселені көруге шақырады. Уақыт тауып әрдайым барамын. Бірақ Арыстанбек секілді өз-өзімді түсіретін қабілетім жоқ. Бірақ онысын дұрыс көремін әрі қызығамын.

а
Фото: Kazinform

Естеріңізге салайық, Kazinform бұған дейін Ақтөбе, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облысы әкімдерімен әңгіме-дүкен құрған еді.  

Соңғы жаңалықтар