Алматыға қалың қар түсті

АЛМАТЫ. KAZІNFORM — Алматыға бір түнде 14 см қар түсті. Мыңнан астам жол жұмысшысы мен 475 техника қар тазалауға жұмылдырылды.

қар, қыс
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда түнде басталған қар тоқтаусыз әлі жауып жатыр. Қаланың ішіндегі қардың биіктігі 14 см-ге, ал тау етегінде 22 см-ге жетті.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан мәлім еткендей, 1 115 жол жұмысшысы мен 475 техника қар тазалауға жұмылдырылды.

қар, қыс
Фото: Алматы әкімдігі

— Қар жауа бастаған сәттен бастап 194 құмсепкіш техниканың күшімен көктайғаққа қарсы материал себіліп жатыр. Таңғы сағат 9:00–дегі жағдай бойынша 3 600 тонна материал пайдаланылды. Сағат 4:30–дан бастап жол патрульдік полиция көліктерінің бастап жүруімен қар күрейтін 25 техника колоннасы ұйымдастырылды, — деп хабарлады коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Қазір жол жиектеріндегі қар үйінділерін шығару жұмыстары басталды.

— 75 шағын техниканың көмегімен тротуарлар, қоғамдық орындар, әлеуметтік маңызды нысандар, тұрақ «қалталары» тазалануда. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қолмен тазалау жұмыстары да қолға алынған, — делінген хабардамада.

қар, қыс
Фото: Алматы әкімдігі

«Қазгидромет» РМК болжауынша, күндіз ауа температурасы 0…-2 °С, ал 12:00–ден кейін -5…-7 °С-қа дейін төмендейді. Түнде -11…-13 °С болады. 13 қаңтарға дейін жауын-шашын болмайды.

Осыған байланысты коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жүргізушілерден сақтық шараларын, жылдамдық режимін және автомобильдер арасындағы қашықтықты сақтауын сұрайды.

Бұдан бөлек, қар тазалау техникасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін жол жиектеріне көлік қоймауды ұсынды.

Осыған дейін ауа райына байланысты Алматы халықаралық әуежайында бірқатар рейс кешігіп ұшатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар