Алматыға қар түсіп 535 техника мен мыңнан астам жұмысшы жолдарды тазалап жатыр
Алматының коммуналдық қызметтері алғашқы қар жауғаннан кейін көшелерді тазартуда, деп хабарлайды Kazinform.

Әдеттен тыс ұзаққа созылған жылы ауа райынан кейін Алматы қаласында алғашқы қар жауды. 8 желтоқсан күні сағат 20:00-ден бастап Алматы қаласында 9 желтоқсан түске дейін қар жауады деген болжам бар.
Қаланың барлық коммуналдық қызметтері ауа райының нашарлауына байланысты қажетті жұмыстарға уақытылы іске кірісті.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, өткен жылдан бастап қар жауғанға дейін жолдарды сұйық реагенттермен алдын-ала өңдеу әдісі дұрыс әдіс екенін көрсетті. Бұл тәжірибе бүгінгі күні де қар жауған кезде қолданылады.
Алматыда көктайғақтың алдын алу мақсатында 68 құм таратқыштың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себілуде. Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 3620 тонна құм пайдаланылды. Қалада 4 см қар жауды, Медеу мен Шымбұлақта – 6 см. Тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, аялдамаларды, жерүсті өткелдерін тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Түнгі уақытта сыпыру-жинау техникасының сегіз колоннасының күшімен магистралдық көшелерде қар күреу жұмыстары жүргізілді. Түстен кейін қар тазартылады, кейін қарды жаппай шығару жұмыстары ұйымдастырылатын болады.
535 арнайы техника мен 1006 жұмысшы жұмылдырылды. Қысқы кезеңде жұмыс істеу үшін барлығы 818 арнайы техника дайындалды, 1430 жұмысшы бар. Мұзға қарсы материалдардың нормативтік көлемі дайындалды.
Қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Түнгі кезеңде патрульдік полиция экипаждарының саны артты.
23 жол апаты тіркелді, онда 3 адам зардап шекті, 20 жол апатында зардап шеккендер болған жоқ, материалдық шығын болды. Бір аптадағы ұқсас кезеңмен салыстырғанда апаттың тіркелген саны орташа деңгейден төмен, бұл ауарайының нашарлауы туралы халықты уақтылы хабардар етумен байланысты.
«Алғашқы қардың түсуіне, жолдың нашар көрінуіне және жолдардағы көктайғақ құбылыстарына байланысты біз тағы да автокөлік жүргізушілерін жылдамдықты төмендетуге, лық тоқтамауға, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер тротуарларда жүргенде абай болу керек, белгіленген жерлерде көшелерді кесіп өту керек, қарттар мен балаларға көмек көрсету керек», - делінеді хабарламада.

Қазгидрометтің болжамы бойынша түске дейін орташа қар жауады деп болжанады. Желдің жылдамдығы 3-8 м/с. күндіз ауа температурасы минус 4 градус аязға дейін болады.
