Алматыда 76 жастағы зейнеткердің жүрегіне электродсыз кардиостимулятор қойылды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері алғаш рет 76 жастағы пациентке электродсыз кардиостимулятор салды, деп хабарлайды Kazinform.

Дәрігерлердің сөзінше, аталған құрылғы жүректің ырғағын бақылап, соғуын жақсартады. Әрі ол шағын болғандықтан жүрекке салмақ түсірмейді.
«Бұған дейін 2016 жылы науқасқа әдеттегідей электрокардиостимулятор салынған, бірақ көп жылдан кейін ағзасы оны жатсына бастаған. Біздің аритмологтар алғаш рет электродсыз кардиостимуляторды А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының рентгенхирургия, интервенциялық кардиология және аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Әділ Баимбетовтің басшылығымен салды. Келесі операцияларды өзіміз жасайтын боламыз», - дейді басқарма төрағасы Марат Пашимов.
40 минутқа созылған операция сәтті аяқталды. Micro кардиостимулятордың электроды мен батареясы ішінде болады.

«Ол бұғана асты, тері арқылы қойылмайды. Үлкен тамыр арқылы жүректің ішінде оң жақ қарыншасында орналасады. Жай кардиостимулятордың батареясы терінің астына, бұғананың астына тігіледі. Оған электрод қосылады. Ол электрод үлкен күре тамыр арқылы өтеді. Сөйтіп барып жүректің ішіне бекітіледі. Micraның басты артықшылықтарының бірі – оның ұзақ қызмет ету мерзімі. Батареяның жаңа буыны құрылғының 12 жылға дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді» - деді «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ бөлім меңгерушісі Бағдат Ахыт.