Алматылық дәрігерлер ер адамға бірден үш ота жасап, аяққа тұрғызды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда оң жақ жамбастың артқы шығуы, оң жақ сан сүйегі басының асептикалық некрозы, оң жақ тізе буынының бүгу контрактурасы диагнозы қойылған ер адамға бірден үш операция жасалды.

Алматыда Орталық қалалық клиникалық ауруханаға 44 жастағы ер адам түскен. Науқас соңғы 6 ай бойы үйінде тұра алмай, тек жатқанын айтқан. Жіті клиникалық тексерістен соң оған бір уақытта үш бірдей ота жасау туралы шешім қабылданды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа бірінші кезекте ұршық ойығының артқы қабатындағы ақауды ескере отырып, дәрігерлер оң жақ жамбас буынына алғашқы-ревизиялық эндопротездеу жасады. Екінші кезекте тізе буынының қалыпты бүгілуін қамтамасыз ету үшін тізе буынының иілгіш байламдарын кесу болды, соңғы үшінші ота - тізе буынының бірте-бірте созылуына арналған Илизаров топсалы-бізді-өзекті аппаратын орнату жасалды.
Кіші жіліктік жүйке нейропатиясы және компартмент-синдромы сияқты қауіпті асқынуларға байланысты дәрігерлер отадан кейінгі кезеңде тізе буынының біртіндеп кеңеюін қамтамасыз ете отырып, отаны сәтті орындап шықты.
«Илизаров аппараты көмегімен күн сайын түзету жүргізілді. Бұл күтілген нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Алты ай ішінде науқастың жүйке жүйесі мен қан тамыры икемділігін жоғалтқан еді. Ота асқынусыз өтіп, сәтті аяқталды», - деді Қанат Тәуекелов.
Айта кетейік, науқасқа күрделі отаны травматолог-ортопедтер Қанат Тәуекелов, Арман Абдуразаков, Руслан Токушев пен анестезиологтар жасап шықты.