Алматылық депутаттар шетелдік туристерді жарна төлеуден босатуды қолдады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Шетелдік туристер жарна төлеуден босатылды. Бұл ұсынысты Алматы қаласы мәслихатының депутаттары да қолдап отыр. Алайда, кейбірі мегаполисте туристерден алым алынуы керек деп есептейді.
Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мегаполисте шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшері 1 846 теңге екенін айтты ( 0,5 АЕК). Бұдан өткен жылдың басынан бері жергілікті бюджетке 650 млн теңге қаржы түскен.
«Осы жылдың 9 қаңтарынан бастап ҚР Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы 2023 жылдың 27 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу ережесіне өзгерістер заңды күшіне енді, оған сәйкес туристік жарнаның мөлшері Қазақстанның бүкіл аумағында нөл теңге ретінде бекітілген», - дейді Ғалия Тоқсейітова.
Оның айтуынша, 9-24 қаңтар аралығында жоба НҚА ашық порталында жария талқылау рәсімінен өтті, түсініктеме мен ұсыныстар түскен жоқ.
«Шетелдік туристер арасында біздің қала кеңінен танымал. Мәселен, 2023 жылдың 9 айында Алматыға 409 мыңнан астам адам келді, бұл 2022 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 51,5%-ға артық. Осылайша, мегаполис шетелдік туристерді қабылдайтын Қазақстан қалалары арасында көшбасшы болды. Осыған байланысты, Алматыда туристік жарнаны жою қаланың туристік индустриясын дамыту үшін маңызды қадам болып тұр. Осы жылы шетелдік туристер саны 520 мың адамға, ал 2030 жылға қарай 1 млн адамға дейін өседі деп жоспарлануда», - деді ол.
Аталған ұсынысты талқылау барысында мәслихат депутаты Сергей Козлов туристік алымдар Алматыда болуы керектігін атап өтті.
«Біздің республикада көрікті, тартымды қалалар бар екенін жақсы білеміз. Бірақ, өзіңіз айтқандай, келушілер саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Бұл, әрине, қаланың мәртебесін көтереді, қала бюджетіне де 650 миллион теңге түседі. Алматыға көптеген турист түрлі көлікпен келеді. Олар көлікпен Медеуге барады. Біз қоршаған орта үшін күресеміз. Дүниежүзіндегі көптеген қалалардың тәжірибесінде турист аздаған ақы төлейді. Неліктен елдегі ең көрікті шаһары бола тұра келген туристерден тиын алмаймыз? Бұл қала бюджеті мен экологиясы үшін маңызы зор. Айтыңызшы, бұл үлгі қалай реттеледі? Қаланың ерекше мәртебесін пайдалана отырып, болашақта мұны өзгерту мүмкін бе? Өйткені бұл тәсіл маған әділетсіз болып көрінеді», - деп атап өтті депутат.
Туризм басқармасының басшысы туристік жарнаны енгізу мәселесін талқылау өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында ұйымдастырылғанын, оған туризм секторының субъектілері – туроператорлар, жергілікті қонақ үй иелері шақырылғанын айтты.
«Талқылау қорытындысы бойынша туристік жарнаны енгізу инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру тұрғысынан жақсартуды талап етеді деп шешілді. Сондықтан, мәселе туристік индустрия субъектілерімен келісілді, басқалардан ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ. Оны ерекше мәртебе аясында қарастыратын болсақ, ұсынысты қабылдап, қосымша хабарлаймыз», - деп түйіндеді сөзін Ғалия Тоқсейітова.
Бірқатар депутат жауапты министрлік бұл бұйрықты қайта қарауы керек деп есептейді. Депутат Назерке Мұндаханова туристер үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту үшін қалада қандай шаралар қолға алынып жатқанын да сұрады.
«Қазір қалада бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде жаңа әуежай терминалының құрылысы да бар. Аяқтау осы жылдың маусым айына жоспарланған. Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 7-ден 14 миллион жолаушыға дейін артады. Сондай-ақ біз қалада қонақүйлер салу бойынша 20 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз, бұл 2700-ден астам нөмір. Іске асыру мерзімі: 2027 жыл. Осының барлығы қызмет көрсету деңгейін де, қызмет көрсету сапасын да арттыруға мүмкіндік береді», - деп жауап берді Ғалия Тоқсейітова.
Еске салайық, осы жылдың басында Туризм және спорт министрлігі елдегі туристік салықты алып тастау туралы бұйрыққа қол қойған болатын.