Алматылық «Қайрат» аргентиналық футболшымен келісімшарт жасасты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қайрат» командасының сапына жаңа легионер қосылды.
Алматылық ұжым аргентиналық 24 жастағы вингермен 2027 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды.
Хуан Себастьян Себальос Буэнос-Айрес провинциясының Хосе Мария Жауреги қаласында дүниеге келген. Ол кәсіби мансабын Лос-Андесте бастады, содан кейін аргентиналық «Индепендиенте Ривадавия» және Таллерестің екінші командасында ойнаған. Өз елінен кеткеннен кейін футболшы Боливиядағы «Реал Оруро» топ-клубында доп тепті. Өткен маусымда 40 матчқа қатысып, 18 гол соғып, 5 нәтижелі пастың авторы атанды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» футбол клубына бразилиялық қорғаушы Лукас Африко келгенін жазғанбыз. Аталған ойыншы жаңа командасының сапында 2026 жылдың соңына дейін өнер көрсетеді.