Алматылық құтқарушылар Рождество кезінде қауіпсіздікті күшейтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні қала аумағындағы 13 нысанда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кезекшілік етеді.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Жұматаевтың айтуынша, қызметкерлер барлық нысанды алдын ала тексеріп шығып, нұсқаулық жұмыстарын жүргізді.
Әр аудандық бөлімше өз аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адам көп жиналатын жерлерде тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауда ұстайды.
Департамент азаматтарды діни рәсім өтетін нысандарды аралау кезінде қауіпсіздікті барынша сақтауға шақырады:
• ашық от қолданылатын шам ұстағыштарды, шамдар мен басқа да құралдарды жанбайтындай етіп, орнықты күйде орнату;
• ашық отты әрлеу материалдарынан, интерьерден, киім-кешек пен жанғыш заттардан кемінде 0,5 метрдей аулақ пайдалану;
• шыны колбалары зақымдалған шамдарды қолданбау және оларды жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбай құю;
• ғибадат залының сыйымдылығын олардың ауданы мен эвакуациялау жолдарының өткізу қабілетін ескере отырып шектеу;
• қарсы бағыттағы адамдар ағыны қиылыспайтындай етіп келушілердің қозғалысын ұйымдастыру.
— Мерекелер тыныш әрі қауіпсіз өтуі үшін бар күшімізді салдық, — дейді департамент өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Жаңа жыл түні пиротехникадан 20 адам зардап шеккенін жазған едік.