Алматылық оқушылар арасында экологиялық челлендж басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және цифрлық шығармашылық дағдыларды дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы қалалық экологиялық челлендж басталды.

са
Фото: Алматы әкімдігі

Қала оқушылары арасында экологиялық ағартушылықты күшейту мақсатында электронды экологиялық ашықхаттар жасауға арналған «Экологиялық калейдоскоп» жалпы қалалық онлайн-челленджі өткізілуде. Бастамаға Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының 1-11 сынып оқушылары қатысуда.

Челлендждің негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру, цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту, сондай-ақ табиғатты қорғау идеяларын кеңінен насихаттау.

Челлендж аясында оқушылардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне назарын аудару, олардың креативті және цифрлық дағдыларын дамыту, экологиялық жауапты мінез-құлықты ілгерілету міндеттері жүзеге асырылмақ.

са
Фото: Алматы әкімдігі

Қатысушылар графика, коллаж және анимация форматтарында электронды экологиялық ашықхаттар дайындайды. Жұмыстарда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, қалдықтарды бөлек жинау, су мен энергияны үнемдеу, сондай-ақ «Таза қала – қауіпсіз болашақ» тұжырымдамасы сияқты тақырыптық бағыттар қамтылады.

Челлендж бірнеше кезеңнен тұрады. Ақпараттық кезеңде білім беру ұйымдарында қатысу шарттары түсіндіріледі. Шығармашылық кезеңде оқушылар электронды экологиялық ашықхаттар әзірлейді. Челлендж-эстафета кезеңінде дайын жұмыстар әлеуметтік желілерде #ЭкологиялықКалейдоскоп, #ЭкоАлматы, #ТазаҚазақстан хэштегтерімен жарияланады. Қорытынды кезеңде ең белсенді қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторлары марапатталады.

Аталған челленджді өткізу оқушылардың экологиялық санасын арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоршаған ортаға жауапты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленді.

Соңғы жаңалықтар