Алматылық оқушылар баспалдақтан өзі шығып-түсетін кресло-арба жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық оқушылар баспалдақтан өзі көтеріліп, түсе алатын электронды кресло-арба жасап шығарды. Жас өнертапқыштар өз құрылғыларын физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдығына арналған көрмеде көрсетті.

арба
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

«Jana arba» деп аталғаны жобаны 12 сыныптың оқушылары Тохтар Күмісбек, Марк Кан және Сергей Гапонов бірге жасап шыққан. Жоба авторларының айтуынша, электронды кресло-арбаны жасауға мүгедектігі бар достарына көмек көрсету ниеті себеп болған.

- Біздің ерекше қажеттілігі бар досымыз бар. Мектепте лифт пен пандустар болғанымен, оның сыртына шыққанда қажетті инфрақұрылымның болмауынан досымызға қиындықтар туындайды. Сондықтан оған ыңғайлы болатын электронды кресло-арба жасауды ұйғардық, - деді Тоқтар Күмісбек. 

арба
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Арбаны құрастыру барысында жас өнертапқыштардың екеуі инженер, біреуі программист ретінде міндет атқарған. Олар кресло-арбаны жазғы демалыс кезінде, яғни 3 айда құрастырған. Айтуларынша, барлық қажетті құралы-жабдық пен материалдарды өз қаражаттарына алған.

- Электронды арбамыз баспалдақ пен қалалық кедергілерді өзі еңсере алады. Мотор-редуктордың арқасында жұмыс істейді. Сондай-ақ, арбаның биіктігін көтеріп, түсіруге болады. Бұл функция арба баспалдақтан түскен кезде көмектеседі, - деді Тоқтар Күмісбек.

Өнертапқыштар қазіргі нәтижемен тоқтап қалмай, жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар