Алматылық зообелсенділер хайуанаттар бағындағы ақ аюдың жағдайына алаңдаушылық білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Алматы жануарларына көмек» қоғамдастығы Алматы хайуанаттар бағындағы ақ аюдың жағдайына қатысты жазба жариялады.

Зообелсенділердің пікірінше, Алматы хайуанаттар бағындағы Пурга есімді ақ аю қатты жүдеп кеткен. Олар желідегі парақшаларына ақ аюлардың шын мәнінде қандай болу керек екенін көрсететін суреттерді салды.
«Ақ аюлардың қандай болу керек екенін салыстырып көріңіз. Осыдан бір жыл бұрын Пурга ақ аюының түрі басқаша еді. Алматы зообағында ол осындай күйге түсті. Сондай-ақ одан ұрпақ алу үшін зообақ мүшелері оған күйеу іздеп жатқанын хабарлады. Болашақ ананың мынадай күйде жүре беруіне жол бермеу керек», - деп мәлімдеді зообелсенділер.
Олар сондай-ақ зообақтан жануарларды қоректендіруге мүмкін қаражат қажет екенін сұрады.
«Бәлкім сіздерге қаржы жинауға көмек керек шығар?.. Ол жағынан тұрғындар көмектеседі. Біз өз күшімізбен тек ауланған және қаңғыбас жануарларды ғана емес, мемлекеттің зооколлекциясын да қоректендіретін боламыз», - деп жазды зообелсенділер.
Зообелсенділердің көтерген мәселелері шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Алматы хайуанаттар бағы ресми түрде мәлімдеді.
Хайауанаттар бағының мәліметінше, Пурга ақ аюы Алматы хайуанаттар бағына 2023 жылы «Еуропалық хайуанаттар бағы және аквариумдар қауымдастығы» (ЕХБжАҚ) бағдарламасы бойынша Мәскеу хайуанаттар бағынан әкелінген.
«Алматы зообағы бұл бағдарламаның қатысушысы болып табылады. Себебі, біздің зообақтың ақ аюларды күтіп ұстауда үлкен тәжірибесі бар. Әлі күнге дейін Алькор ақ аюы көп адамның есінде болар, ол біздің зообақта 32 жыл өмір сүрді, бұл өз кезегінде еркіндікте өмір сүретін ақ аюлардан әлдеқайда ұзақ өмір сүргенін көрсетеді. Алматы хайуанаттар бағында ақ аюды күтіп ұстау жағдайлары мен тамақтануы ЕХБжАҚ және Мәскеу хайуанаттар бағының (ай сайын Пурганың жағдайын тексеріп отырады) талаптарына сәйкес келеді», - деп жазды зообақ ұжымы.
Сондай-ақ зообақтың мәліметінше, биыл ақпан айында ЕХБжАҚ кураторлары Douglas Richardson мен Mats Höggren және Мәскеу хайуанаттар бағынан Марина Галещук келіп, Пурганың ұстау жағдайы мен жейтін тамағын тексеріп кеткен. Аюдың екі бассейнімен жалпы ауданы 750 м² болатын вольері бар. Онда өнеркәсіптік кондиционер мен «суық» еден бар. Пурганың күнделікті рационы: сиыр еті – 4,5 келі, тауық еті – 2,5 келі, майшабақ – 2 келі, қызғылт лосось – 1 келі, минтай – 1 келі, сәбіз – 1 келі, салат - 0,5 келі, алма – 1 келі, алмұрт – 0,5 келі.
Ал аюдың ұсқынсыз фотосуретіне келер болсақ, оның күйі мен сыртқы түріне әсер ететін климаттық жағдайды ескеру қажет. Оның үстіне көктемде барлық жануарлар, оның ішінде ақ аюлар да түлейді. Нәтижесінде келбеті ұсқынсыз көрінген.
«Алматы жануарларына көмек» қоғамдастығының Пурга жайлы көтерген мәселелері шындыққа жанаспайды және Алматы хайуанаттар бағының іскерлік беделіне нұқсан келтіреді. Бұл материалдық және имидждік зиян келтіруі мүмкін. Шындыққа жанаспайтын мәліметті (жалған ақпаратты) тарату ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Ал жануарларды күтіп ұстау үшін зообақ ешқандай қаржылай көмекке мұқтаж емес. Әр адам зообаққа келіп, ақ аюлардың лайықты деңгейде өмір сүріп жатқанын көруіне болады», - деп жауап берді Алматы зообағы желіде.