Алматылықтар 1939 жылғы өрт сөндіру ғимаратының тарихи келбетін сақтауды өтінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Медеу ауданында орналасқан өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
                                              Әлеуметтік желіде қала тұрғыны №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін оның тарихи келбеті сақталмауы мүмкін екенін айтып шағым білдірді. Ол сөзінің дәлелі ретінде ғимарат сыртында ілінген нысан паспортын көрсеткен.

Мемлекеттік сатып алу сайтында Медеу ауданы Қонаев көшесі, 132 мекенжайында орналасқан өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты байқау өткен. Ондағы мәліметке сәйкес, нысанды жаңартуға 1 194 441 101 теңге жұмсалады. Тапсырыс беруші – Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, ал жеңімпаз мердігер – «КазЕвроСтрой» ЖШС.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті №5 өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына қатысты түсініктеме берді.
- Барлық жұмыс сәулет және қала құрылысы саласындағы жауапты органдардың талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Эскиздік жоба Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісілген, ғимараттың сыртқы келбеті өзгертілмейді. Ал қасбетін нұсқауларға сай материалдан жасалуы көзделген. Маңызды атап өтер жайт — бұл ғимарат 1939 жылы, 86 жыл бұрын салынған және қазіргі уақытта сейсмикалық тұрғыдан күшейтілмеген. Осы ғимаратта күн сайын ТЖМ қызметкерлері қызмет атқарады, сондықтан ғимаратты жаңарту олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тиісті еңбек жағдайларын жасауға бағытталған, – деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, Алматыда құрылыс талаптарын бұзған тағы бір компания лицензиясынан қағылды.