Алматылықтар ХҚКО-ның өз-өзіне қызмет көрсету секторында 600 мың қызмет алған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының Сonnection point орындарына сұраныс артқан.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының мәліметінше, 2024 жылы Алматыда халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған ХҚКО арқылы 2 618 541 астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ алматылықтар 602 000 астам қызметті Сonnection point өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алған.
Ең көп сұранысқа ие қызметтердің алғашқы үштігіне келесі мемлекеттік қызметтер кірді: көлік құралдарын тіркеу, жеке куәлік немесе төлқұжат алу, сондай-ақ ЭЦҚ алу мен оны қайтарып алу.
– Мемлекеттік корпорация әрдайым тұтынушылардың жайлылығы мен ыңғайлылығына басымдық береді. Біз өз қызметтерімізді қолжетімді және ыңғайлы ету үшін оларды үнемі дамытып, жетілдіріп отырамыз. Біздің мақсатымыз – барлық процестің ашық әрі қауіпсіз екеніне кепілдік беру арқылы әрбір адамға қызмет алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация басқарма төрағасының орынбасары Айбат Ілиясов.
Еске салайық, енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға тек «ХҚКО» қосымшасынан жазылу керек.