Алматылықтар қала күнін атап өтіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Дәстүр бойынша қала күнін алматылықтар қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойлайды.

Қала аумағында концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер және түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламалар Астана алаңындағы концерттен басталды. Онда қала әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды және мегаполис қонақтарын мерекемен құттықтады.

- Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің жаңа дәуірі басталған шаһар. Біз Алматыны заманауи, жайлы әрі өркендеген қала ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Солардың ішінде экологияға, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына айрықша мән беріледі, – деді Алматы әкімі.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды шаһардың инфрақұрылымдық дамуындағы басым бағыттарын атап көрсетті.
- Алдағы жылдары Алматыда халықаралық стандарттарға сай заманауи әрі интеграцияланған көлік жүйесі қалыптасатын болады. Қазірдің өзінде ұзындығы 100 шақырымнан астам BRT желісін дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның нәтижесінде қоғамдық көліктегі жолаушы тасымалы екі еседен астам артып, қозғалыс жылдамдығы 15%-ға өседі. Сонымен қатар, LRT желілерінің құрылысы басталып, метроның 20 км-ден астам жаңа тармағы жүргізіледі, — деді қала әкімі.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, экологиялық трансформация Алматының басты басымдықтарының бірі болып қалады. Қалада төмен эмиссиялық аймақтар енгізіліп, ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 толықтай табиғи газға көшіріледі.

- Қазақстандағы алғашқы тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыты Алматыда салынады. Зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты қайта өңдеп, жылына 60 мВт электр энергиясын өндіреді. Мұның бәрі 2028 жылға қарай Алматыдағы ауа сапасын екі есеге жақсартуға мүмкіндік береді, — деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды өз жұмысының басты бағыттарының бірі – IT-инфрақұрылымды дамыту, талантты жастарды қолдау және инновациялық жобаларды ілгерілету екенін баса айтты.
- Туризм бағытында да жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта іске қосылатын Алматы тау кластері халықаралық сапа мен экология стандарттарына сай құрылып, Орталық Азиядағы ең ірі төрт маусымдық туристік жобаға айналмақ, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала күні қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысан ашылғанын жазғанбыз.