Алматылықтар қарашадан бастап жылу үшін жаңа түбіртек алады: не өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қарашадан бастап Алматыда жылу ақысы басқаша көрсетіледі. Енді тұрғындар бір шаршы метр үшін есептелген сомасының орнына тұтынылған жылу көлемін гигакалориямен (Гкал) көре алады.
Тұрғындар бұрын тариф өзгермесе де, жылу ақысының неге ай сайын әртүрлі болатынын жиі сұрайтын.
«Алматы жылу жүйесі» мәліметінше, бекітілген тариф бір гигакалорияға шағылып белгіленеді. Алайда бұрын түбіртектерде төлемнің қорытынды сома пәтердің бір шаршы метріне шаққандағы есеппен көрсетіліп келген.
Бұл ретте әр көпқабатты тұрғын үй жылуды әртүрлі көлемде тұтынады. Үйдің нақты қанша жылу пайдаланғанын әр ғимаратта орнатылған ортақ жылу есептегіш құралы тіркейді.
— Жаңартылған түбіртектегі «Жылыту» жолында жылу көлемі, яғни есептік кезеңде тұтынылған гигакалория саны; , бір гигакалорияның құны, есептелген төлемнің жалпы сомасы жеке-жеке көрсетіледі. Осылайша, тұрғындар түбіртектегі соманың қалай шығатынын және есептік кезеңде қанша жылу тұтынылғанын көре алады, — деп хабарлады компания.
Компанияның мәліметінше, жаңа формат төлем есебін түсінікті әрі көрнекі етеді. Енді тұрғындар төленетін сомамен қатар, оның қандай жылу көлеміне негізделіп есептелгенін де біле алады.
Еске салайық, Алматыдағы № 2 ЖЭО көмірден газға көшіп жатқанын жазғанбыз.