Алматылықтар қайда барып қан доноры бола алады

Қалалық қан орталығы
Фото: Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін – дүниежүзілік қан доноры күні. Атаулы күнге орай Kazinform тілшісі Алматыдағы Қалалық қан орталығы Донорлар жинақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Әбдіқадыровпен сұхбаттасты. 

– Алматыдағы басты Қан орталығының қызметі қандай? 

– Алматы Қалалық қан орталығы мегаполистегі 27 мемлекеттік аурухананы, одан басқа жердегі емханаларды және әскери медицина мекемелерін қанмен қамтамасыз етеді. Бізде 100 шақты қызметкер жұмыс істейді. 2,5 млн халық тұратын шаһарды қанмен қамтамасыз ету оңай емес. Күнделікті ауруханалардан түсетін сұранысты міндетті түрде толықтай қамтамасыз етуіміз керек. Әзірге өз міндетімізді атқарып жатырмыз. Орталық жексенбіден басқа күні күнделікті таңғы 8:00-ден 15:00-ге дейін қан қабылдайды. 

– Қан доноры болғысы келетін адамға қандай талаптар қойылады? 

– 18 жасқа толған, денсаулығы дұрыс, қан өткізуге ерікті түрде келісімін берген кез келген азамат қан доноры бола алады. Қан өткізу кезінде олар жеке куәлігін көрсетуі тиіс. Әскери қызметкерлер әскери билетті, шетел азаматтары шетелдік паспорт пен қазақстандық ЖСН-ды көрсетуі керек. Алдымен, келген донорлар міндетті түрде сауалнама толтырады. Ол сауалнамада денсаулығы мен өміріне байланысты 30-дан астам сұрақ бар. Содан кейін тіркеуден өтеді. Тіркеу кезінде бірыңғай донорлық база бойынша донорлықтан шеттетілетін диагноздары бар-жоқтығы тексеріледі. Бәрі дұрыс болса, алдын ала қан анализін өткізеді. Қанның тобы, резус факторы, гемоглабині секілді біраз көрсеткіштері дайын болады. Ол анализбен дәрігердің қабылдауына кіреді. Дәрігер қан қысымын, бойын, салмағын өлшеп, сауалнаманы қарап шығып, донор бола алу не алмауы туралы шешім шығарады. Әрбір келген сайын белсенді донорлардың өзі осы жолмен өтеді.

Нұрдәулет Әбдіқадыров
Фото: Досбол Атажан

– Қан өткізген адамға сол күні қандай кеңес беріледі?

– Дәрігер рұқсат берген соң, қант және тәттілермен шәй беріледі. Содан кейін қан өткізу залында қан тапсырады. Алынатын қанның халықаралық стандарттық көлемі - 450 мл. Қан өткізгеннен кейін 10-15 мин демалады. Ал процедура кезінде міндетті түрде кезекші терапевт дәрігердің қарауында болады. Қан өткізген соң, жұмыс орнына анықтама және бір науқасқа арнап қан өткізген жағдайда оған бөлек анықтама беріледі. Оған қоса, түскі тамақтың орнына 930 теңгедей ақша беріледі. Қан тапсырған адамның 2 сағатқа дейін темекі тартуына, 2 сағаттай көлік айдауға, қатты қимылдауға және моншаға түсуіне болмайды. Қан өткізген күні сұйықты көбірек ішіп, демалуға тырысу керек.

– Қандай қан тобы сирек кездеседі?

– Қанның 4 тобы белгілі: бірінші, екінші, үшінші және төртінші. Әр топ оң резус және теріс резус деп бөлінеді. Негізі науқастар үшін барлық топ қымбат. Қасқалдықтың қанындай дейді қазақ. Бізге қай ауруханаға, қай топтағы науқасқа, қандай қан керек екені алдын ала белгісіз. Сондықтан қан банкі бар. Сол жерде сақталған қанды күнделікті ауруханалардың сұранысына қарай беріп отырамыз. Одан басқа қанның құрамдас бөліктері – тромбоцит, плазма қажет болған жағдайда оларды да дайындап отырамыз. Негізі 1,2,3 топ әрқайсысы 28-30% арасында. Ал 4-топ 10%, яғни он адамның біреуінде кездеседі. Сол топтың ішінде теріс резус 15%. Сондықтан ең аз кездесетіні осы. Ондай донорларды біз арнайы шақырып отырамыз.

Қан доноры
Фото: Досбол Атажан

– Қан доноры болу – оны өткізетін адамның өзіне пайдасы бар ма?

– Адамдар қанның қандай қажет екенін басына іс түскенде ғана түсінеді. Көп жағдайда қан құю ғана адамның өмірін сақтап қалады. Білім мен ғылым қанша дамып кетсе де, жасанды қанды ешкім ойлап тапқан жоқ. Сондықтан бұл – өте қайырымды, өте сауапты іс. Сонымен қатар қан өткізу – адамның денсаулығына пайдалы. Біріншіден, қан элементтері жаңарып отырады. Мысалы, қыз балалар 13 жастан 45 жасқа дейін қан жаңарып отыратын болып жаралған. Ал, ер адамдарда ондай функция жоқ. Сондықтан 30-дан асқаннан кейін дені сау ер адамдар жылына 3-4 рет қан өткізіп отырса, олардың қан элементтері жаңарып отырады. Екіншіден, қанның қоюлануы мида болса инсультке, жүректе болса инфарктқа әкеледі. Сондықтан қан өткізіп отырса, ол сұйылып, нормасына келеді. Біздің белсенді донорларымыз қан өткізгеннен кейін бірнеше ай өздерін жеңіл сезінеміз дейді. Сондай-ақ әрбір қан өткізген сайын оларға жалпы қан талдауы жасалады және 4 инфекцияға (СПИД, мерез, гепатит В, С) тексеріледі. Сол себепті қан донорлары өз денсаулықтары туралы жақсы біліп жүреді.

– Алматылықтардың қан өткізудегі белсенділігі қалай?

– Әр күні әртүрлі адам келеді. Бір жыл бойынша айтсақ, 2020 жылы 18 мың, 2021 жылы 19 мың, өткен жылы 20 мың 500 адам бізге қан өткізді. Барлық топтағы қан тобы мен қанның құрамдас бөліктері бізде жеткілікті көлемде бар. Негізі 2020-2021 жылдары, қатты карантин болған уақытта, біз донорларымыз болмай қала ма деп қорыққанбыз. Халық үйден шықпай жатқанымен, өмір жалғасты. Перзентханаға, хирургияға, гематологияға қан керек болды. Сол кезде Алматыдағы белсенді донорларымыздың өте қайырымды, іске жақын екеніне көзіміз жетті. Сондай қиын жылдары донор болған адамдардың арқасында қаланы қанмен қамтамасыз ете алдық. Алматы халқының тағы бір қайырымдылығы – осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың түбінде ұшақ апаты болды, сол уақытта бір күнде біздің орталыққа 800-ден астам адам қан өткізуге келді. Адамдар көшеге дейін кезекке тұрды, біз толық құрамда түнгі 12-ге дейін жұмыс істедік. Бұл алматылықтардың бір-біріне көмектесуге әрдайым дайын екендерін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар