Алматылықтар Наурыз мерекесін кең көлемде тойлап жатыр – фоторепортаж

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар қала көшелері мен алаңдарына жиналып, Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуде. Kazinform фототілшісі қала тұрғындарымен бірге мерекені тойлауға шығып, қаладағы мерекелік көңіл-күйді суретке түсірді.

Наурыз с размахом празднуют алматинцы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматыда Наурыз мейрамы қала көшелерімен «Көш. Наурыз Думан» атты мерекелік керуеннің жүріп өтуімен басталды. Мерекелік керуенге батыр батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелерді, салт атты батырларды, құмай тазылар мен мергендерді, жалпы «жеті қазына» нышандарын көрді. 

Наурыз с размахом празднуют алматинцы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Астана» алаңында «Наурыз — береке бастауы» гала-концерті өтуде. Сахнада «Наурыз шашу» музыкалық композициясы мен театрландырылған қойылымдарды, актерлер, бишілер мен балалар ұжымдары көрсетіп жатыр. Айта кетейік, 21, 22 наурыз күндері «Астана» алаңында сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін театр әртістері, эстрада жұлдыздары, танымал топтар мен аспаптық ансамбльдер өнер көрсетеді.

Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау — талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Наурыз с размахом празднуют алматинцы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Президент сондай-ақ «Абай» алаңында өтіп жатқан халықаралық Nauryz Fest фестиваліне барды. Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. https://kaz.inform.kz/news/memleket-basshisi-nauryz-fest-festivaln-tamashaladi-438057/

Қаланың Панфилов пен Жібек Жолы көшелерінде суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме өтуде. Мұнда алматылықтар мен қала қонақтары кілем тоқу өнерімен, керамика, бағалы тастар, тері, ағаш, былғары жұмыстарымен таныса алады. Одан бөлек, ұлттық спорттық ойындары өтуде. Аниматорлар қала халықн мәз-мейрам етіп, бағалы сыйлықтарға байқаулар өткізіп жатыр.

Наурыз с размахом празднуют алматинцы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Өз кезегінде алматылықтар Kazinform ттілшісіне Наурыз мейрамы жайында өз ой-пікірлерін айтты.

«Барша қазақстандықтарды жаңа жылдын жаршысы Наурыз мерекесімен құттықтаймын! аурыз мерекесі ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміздін бастауы болғандықтан, біздің отбасымыз үшін үлкен манызға ие мерекенің бірі. Әдетте мерекені Наурыз көже жасап, үйде отбасымызбен қарсы аламыз. Бүгін «Наурыз – думан» керуеніне қатысып, керемет әсер алдым. Барша халқымды осы меркемен құттықтай отырып, әр отбасына тек жақсылық, береке, жақсылық, қуаныш тілемін» - деді алматылық Назерке Жұмаділова.

«Әзербайжандықтар ассоциациясы» республикалық қоғамдық қорының төрағасының бірінші орынбасары Аллахверди Мамедов өз тілегін жеткізді.

«Наурыз – ол Жаңа жыл, жаңа өмір, көктем деген сөз. Оны этникалық, діни айырмашылықтарға қарамастан, барлық адам тойлайды. Бұл мейрамды мұсылман әлемі бұрыннан тойлайды. Сол себепті әр мұсылман Наурызды өз үйінде атап өтуі керек деп санаймын. Президент бүгінгі құттықтауында: «Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Бірлік пен ынтымақ — еліміздің басты құндылықтарының бірі. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін», — деді Мемлекет басшысы. Біз бірлігі бекем халық ретінде Жаңа Қазақстанды бірлесе саламыз деп сенемін. Бүгін керемет күн, мен барлық қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Бұл мейрам бақыт, әл-ауқат пен мейірім әкелсін», - деді ол.

Айта кетейік, Наурыз мерекесіне орай қаланың әр ауданында бүгін және ертең концерттер мен басқа да мерекелік іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.

Наурыз с размахом празднуют алматинцы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алатау ауданында концерттік бағдарлама 21-23 наурыз аралығында сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда («Нұркент» шағынауданы, 6) үш күн бойы өтеді.

Әуезов ауданында концерттік бағдарлама 22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін аудан әкімдігінің алдындағы алаңда (Алтынсарин даңғылы, 23) өтеді.

Бостандық ауданында киіз үйлер көрсетілімі, қолдан жасалған бұйымдар көрмесі және концерттік бағдарлама 21 наурызда сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «MEGA Center Alma-Ata» СОО алдындағы алаңда (Розыбакиев көшесі, 247а) өтеді.

Жетісу ауданында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік мерекелік іс-шаралар 21 наурызда Құлагер шағын ауданындағы «Гүлдер» саябағында (Серіков көшесі, 2а) сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін өтеді.

Түрксіб ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдері бар мерекелік концерттер 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін С.Сейфуллин атындағы саябақта (Шолохов көшесі мен Щербаков көшесінің қиылысы) өтеді.

Наурызбай ауданында концерттік бағдарлама 22 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Абай даңғылында (Алатау даңғылы мен Строительная көшесінің арасында) өтеді.

Алмалы ауданында негізгі іс-шаралар «Астана» алаңында өтеді: 21 наурыз 11:00-ден 22:00-ге дейін және 22 наурыз 12:00-ден 22:00-ге дейін мерекелік бағдарлама, театрландырылған шоу, цирк әртістерінің қойылымы, ұлттық спорт түрлері бойынша ойындар және т.б.

Алматы Арбатында (Жібек жолы даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысы) 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін қуыршақ театрының актерлері, халық жанрының әртістері өнер көрсетеді, сонымен қатар, кітап жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесі өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этно-фольклорлық ұжымдар өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратының алдында 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін қуыршақ театрының, танымал музыкалық ұжымдардың және өнер академиясының студенттерінің мерекелік бағдарламасы өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, «Алматы әуендері» әртістерінің және вокалдық-аспаптық ансамбльдің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Медеу ауданында 21 наурыз күні сағат 12:00-де Абай атындағы алаңда Наурыз мейрамы аясында Наурызды тойлайтын елдердің мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіретін «Nauryz Fest» халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ, 21 және 22 наурызда сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум