Алматылықтар жер сілкінісіне әрқашан дайын болғаны жөн – сейсмолог
АЛМАТЫ.KAZINFORM – Алматы өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын оның айналасында 200-ге тарта жерасты дүмпуі болады. Күші әлсіз болғандықтан, сезілмейді. Жер сілкінісінің жиілеуі тұрғындардың үнемі дайын болуы керек дегенді білдіре ме? Бұл сауалға маман жауап берді
Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітованың айтуынша, жер сілкісінің жиілеуі - әртүрлі себеп пен деңгейге байланысты болады.
«Мамандар жер сілкінісінің пәрменделуін маусымдық, жылдық және көпжылдық деп бөледі. Маусымдық пәрменденуі кезінде көбінесе, әлсіз жер сілкіністернің белсенділігі орын алады. Ал, жылдық пәрменделуі кезінде орта күштегі жер сілкінісітерінің саны белең алады. Көпжылдық пәрменделу барысында күшті жер сілкінісінің болу ықтымалдылығы жоғары болады», - дейді ол.
Сейсмолог Алматы өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, үнемі дайын болған жөн деп есептейді.
«Алматы өңірінің жер сілкінісіне бейім және өте қауіпті екендігін ескере отырып, бұл аймақтағы тұрғындар жер сілкінісі құбылысына әрқашан дайын болғаны жөн. Тұрғындар жер сілкінісі болғаны туралы алып-қашпа деректерге емес, ресми ақпарат көздерінің мәліметтеріне ден қойғаны дұрыс», – деді Елизавета Есенжігітова.