Алматылықтарды скринингтен өтуге робот шақырады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстанда тұрғындарды профилактикалық тексерулер мен скринингке робот шақырады. Бұл жаңашылдықты алғашқылардың бірі болып Алматының №3 қалалық емханасында енгізді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан атап өткендей, бұл жобаның басты жаңалығы - дауыстық робот жүйесі нақты уақыт режимінде жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта емханаға тұрғындарды профилактикалық тексерулер мен скринингке дауыстық роботтар шақырады. Олар пациентерге қоңырау шалады.
Осылайша, медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс уақыты үнемделеді, эмоционалдық жүктеме жане стресс төмендейді, бұл негізгі лауазымдық міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді.
«Адам пішінді робот қазақ және орыс тілдерінде сыпайы және кәсіби диалог жүргізеді. Робот қоңырау шалған кезде пациенттің қай тілде жауап бергенін күтіп, кейін әңгімесін сол тілде жалғастырады. Жасанды интеллектісі бар дауыстық роботтар біздің емхананың жұмысында өзінің тиімділігін дәлелдеді, сондықтан болашақта жасанды интеллект халықты профилактикалық егулерге, флюорографияға шақыру үшін, сондай-ақ келіп түскен жедел медициналық жәрдем активтері бойынша пациенттерге қоңырау шалу, қызмет көрсетудің сапасы мен уақтылылығын бағалау және сақтандырылмаған пациенттермен міндетті медициналық көмек мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін енгізілетін болады», - деп түсіндірді емхана директоры Айзат Молдақасымова.
Айта кетейік, 12 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жасанды интеллектіні елімізде дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
«Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет. Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және осы саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн», - деген еді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанның IT компанияларының 1/3 бөлігі Алматыда орналасқан, онда 70 мыңнан астам маман еңбек етеді. Алматыда орналасқан Алатау инновациялық технологиялар паркі резиденттерінің идеялары бүгінде әлемнің 50-ден астам елінде телекоммуникацияларда, радиоэлектроникада қолданылады. Қалалық ІТ экожүйені дамыту бағдарламасының арқасында іріктеу және акселерация бағдарламалары арқылы 400-ден астам стартап өтті, оның 8-і шетелдік нарыққа шығарылды, ал инвестициялар 8,4 млн доллардан асты.
Мегаполисте Алматы-Smart City тұжырымдамасы іске асырылып жатыр, ол азаматтарға арналған цифрлық сервистерді құру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, басқару шешімдерін қабылдау тиімділігін жақсарту және инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру жөніндегі жобаларды қамтиды. Алматы-Smart City-ді дамытудың зәкірлік жобасы қаланың цифрлық егізі (Digital Twin) болып табылады, ол неғұрлым ақылды әрі тиімді қалалық кеңістік құру үшін қалалық инфрақұрылымды модельдеуде, талдауда және басқаруда негізгі құрал болады. Мегаполисте 2022 жылдың тамызынан бастап Алматының бірыңғай бейнемониторинг жүйесі жұмыс істейді, оған заманауи бейнеталдау сервистері кіреді, 30 мыңнан астам камераның дерегін талдайды. Биыл жыл соңына қарай камера саны 50 мың бейнекамераға жеткізіледі, 2030 жылға қарай 100 000 камераны қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жыл сайын өтетін Digital Almaty форумы аясында озық цифрлық жобалар көрмесінде цифрландыру саласындағы отандық жетістіктер ұсынылады.