Алматыны қалың қар басты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда толассыз қар жауып жатыр. Коммуналдық қызмет жолға реагент сеуіп, 450-ден астам арнайы техника шығарды.

Алматыны қалың қар басты
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, көктайғақтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар жауар алдында жолдар 180 текше метр сұйық реагентпен өңделді. Жолға құм-тұз қоспасын себуге 152 арнайы техника жұмылдырылды, сағат 17:00-дегі жағдай бойынша 1250 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

– Қардың жиналып қалуын тездетіп жою үшін қауіпті жол учаскелерінде, түсу және көтерілу аймақтарында, жолайрықтардың бұрылыс бөліктерінде 46 жедел бригада күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар тәулік бойы кезекшілік етеді, - деп хабарлады әкімдіктен.

Күндізгі уақытта қар тазалау жұмыстарына 455 техника және 1060 жол жұмысшысы тартылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық орындарды, қоғамдық көлік аялдамаларын және жерүсті өткелдерін механикаландырылған тазалау үшін 95 шағын көлемді техника қолданылады.

«Қазгидромет» мәліметінше, бүгін қар кешкі 20:00-ге дейін 5-6 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Қар 31 қаңтар күні тағы жауып, тағы 3 мм қосымша жауын-шашын түсуі ықтимал.

30 қаңтар күні ауа температурасы шамамен 0°С болады. 31 қаңтарға қараған түні температура -6…-8°С-қа дейін төмендеп, күндіз -2…-4°С аралығында сақталады.

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын жолда мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жол жүру кезінде ауа райын ескеруге шақырады.

Осыған дейін ауа райының бұзылуына байланысты Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында жолдың жабылғаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар