Алматыны жаңажылдық безендіруге 800 млн теңге жұмсалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мегаполисте «Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл» атты ауқымды бағдарлама әзірленді.

жаңа жыл алматы
Фото: Алматы әкімдігінен

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, қаланың барлық 8 ауданын қамтитын мерекелік іс-шаралар 20 желтоқсанада басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. 

— Биыл Алматы қаласының жаңа жылдық безендіруіне шамамен 800 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, өткен жылғы инсталляцияларды барынша қалпына келтіріп, пайдаланудың арқасында, әрі мәдениет саласындағы мекемелердің белсенді қатысуы нәтижесінде мереке өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болмақ,— деп атап өтті қала әкімдігінен.

Қаланың жаңа жылдық безендірілуі

Алматы Жаңа жыл қарсаңында әуежайдан бастап орталық алаңдарға дейін ерекше безендіріледі. Қала аумағында 300-ге жуық ертегі кейіпкері мен мерекелік нысан бейнесіндегі инсталяция орнатылады, оның ішінде қайта жөндеуден өткен былтырғы 120 шағын сәулет пішіні (ШСП) де қолданылады. Негізгі көше бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдармен және гирляндалармен безендіріледі. Жалпы, 12 көше мен даңғыл бойында 1500 жарық элементі орнатылады, оның 350-і өткен жылы қолданылған кронштейндер. 

жаңа жыл алматы
Фото: Алматы әкімдігінен

Сонымен қатар, қаладағы 21 ғимараттың қасбеті архитектуралық жарықпен көмкеріліп, Алматыға жаңа жыл қарсаңында ерекше көрік береді. Алматының бас символдарының бірі – «Көктөбе» телемұнарасы жаңажылдық стильде безендіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарын мультимедиялық бейнекөрініспен қуантады.

Жаңа жылдың басты символдары

Алғаш рет қаланың негізгі алаңдарына қаңқалы емес, классикалық еуропалық стильдегі ерекше діңгекті шыршалар қойылады. Алматыдағы бас шыршаның биіктігі 22 метр болады, ол дәстүр бойынша Республика сарайының алдындағы Абай атындағы алаңда орнатылмақ. Шыршаны безендіруге жарқын декорациялар, ірі банттар, 6 шақырым гирлянда және қайта өңделген экологиялық қауіпсіз материалдардан жасалған ойыншықтар қолданылады.

жаңа жыл алматы
Фото: Алматы әкімдігінен

Жалпы, биыл Алматы қаласында 80-нен астам шырша орнатылады. Әр шыршаны безендіру үшін 4-6 шақырым гирлянда пайдаланылады. Шыршалар Тұңғыш Президент саябағында, Республика алаңында, «Халық арена» мұз айдынында, «Алматы арена» көпфункционалды кешенінде, Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Наурызбай ауданы амфитеатрында, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, әйгілі Алматы циркінің алдында, сауда орталықтарының аумағында, саябақтарда, скверлерде және қала тұрғындары жиі демалатын басқа да қаланың негізгі орындарында бой көтереді. 

Мереке бағдарламасы

20 желтоқсанда сағат 19:00-де Республика сарайы алдында Алматының бас шыршасы салтанатты түрде жағылады. Шара барысында Turar, Dakelot, Adill, Мади Рымбаев, Диная, Astro тобы, Malika Yes, Балжан Бидаш, ALPHA тобы сияқты эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Аяз Ата мен Ақшақар да мерекенің басты қонағы болады. 

Астана алаңында биіктігі 22 метрлік шырша мен ұлттық нақышта безендірілген Аяз Атаның киіз үйі орнатылады. 20 желтоқсаннан бастап мұнда жәрмеңке, шеберлік сабақтары мен ойындар ұйымдастырылады. Ал басты жаңажылдық концерт дәстүр бойынша 31 желтоқсан күні ҚБТУ алдында сағат 21:00-де өтеді. 

Әл-Фараби даңғылының бойындағы «Нұрлы Тау» бизнес-орталығының алдында 20 желтоқсанда жаңа жылдық жәрмеңке мен фуд-корт аймағы ашылады. 26-31 желтоқсан аралығында мұнда арнайы орнатылған сахнада лайв-бэнд топтары өнер көрсетеді. Мұнда биіктігі 19 метрлік шырша, жарқын инсталляциялар және безендірілген ағаштар ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырады.

Арбат Лондонның Карнаби-стрит стилінде безендіріледі. Жаяу жүргіншілер аймағында жарық тоннельдер, жұлдыздар мен шарлардан жасалған композициялар орнатылады. 20-31 желтоқсан аралығында мұнда классикалық және сәндік шағын шыршалар жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ Арбатта белгілі орындаушылар мен жас музыканттардың өнер көрсетуі, суретшілер көрмесі және отбасылық ойындар жоспарланған. 

Мемлекеттік қуыршақ театры 20-30 желтоқсан аралығында балаларға «Сиқырлы айна» ойын-сауық бағдарламасы мен Ганс Христиан Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісі бойынша қойылым ұсынады.

Алматылық цирк 21 желтоқсаннан 2025 жылдың 21 қаңтарына дейін «Қар ханшайымы» атты лазерлік шоу мен жаңа жылдық қойылым ұсынады. Мереке қарсаңында артистер жаңа цирк нөмірлері мен эксклюзивті костюмдер дайындады. Сондай-ақ балалар үшін Мәскеудегі Никулин циркінің артистері мен Испаниядан келген сайқымазақ өнер көрсетеді.

Қаладағы 8 ауданның әрқайсысында Аяз Ата мен ертегі кейіпкерлерінің шеруі, жәрмеңкелер, көрмелер, концерттер мен ойындар ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар