Алматының Алатау ауданында жарықтың өшуіне себеп болған компанияға айыппұл салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 13 қарашада Алматының Алатау ауданындағы бірнеше шағынауданда жарық өшті. Аудан әкімі оқиғаның себебі мен бұған кім жауап беретінін түсіндірді.
Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаевтың айтуына қарағанда, электр энергиясының өшуіне ірі ритейлердің тапсырысы бойынша газ құбырын жүргізу кезінде мердігер компанияның кабельді зақымдауы себеп болған.
— Ірі дүкеннің тапсырысы бойынша газ құбырын ауданды ескертпей, рұқсат қағаздарынсыз көлденең бағытта бұрғылау әдісімен жүргізбек болған. Соның салдарынан 110 кВ кабелі зақымдалды. Біз тәулік ішінде бәрін қалпына келтірдік: зақым орнын тауып, жарықты қостық. Барлық қалпына келтіру шығынын кабельді зақымдаған компания өзі өтейді. Сонымен қатар Қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан айыппұл салынады, — деді Данияр Қырықбаев Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Еске салайық, 2025 жылғы 13 қарашада шамамен 18:00–де Алатау ауданындағы бірнеше шағынауданда жарық өшіп қалды.
Түні бойы апаттық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Алатау ауданындағы үйлердің бәріне бір тәуліктен аса уақыт өткен соң жарық қайта берілді.