Алматының аудандары қашан орталықтандырылған сумен қамтылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының жаңа аудандарын орталықтандырылған сумен қамту және жаңа су станцияларын салу жұмысы қалай жүріп жатыр? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Еліміздің ең ірі мегаполисі Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендері, сондай-ақ Алматы (219 ұңғыма) және Талғар (143 ұңғыма) жерасты су жинағыштары арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Алматылықтар тәулігіне 700 мың м³ су тұтынады, ал су ағынының қуаты — тәулігіне 1,3 млн м³ (резерв – тәулігіне 600 мың м³). Дегенмен, қалада әлі де орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған аймақтар бар.
Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Kazinform сауалына берген жауабында бұл мәселе бір күнде шешілмейтінін, алайда қаланың барлық тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылы 14 өтпелі жобаны аяқтап, тағы 10 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Олар 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Мысалы, қазіргі уақытта «Ақсай» мен «Ерменсай» су жинағыш станциялары салынып жатыр және тағы екеуі – «Барлық» пен «Сайран» жобалану үстінде.
«Ақсай» су жинағышы қазір 95%-ға дайын, қуаты 22 мың м³ болмақ. Бұл нысан «Ақжар», «Таужолы», «Тастыбұлақ», «Таусамалы», «Шұғыла» шағын аудандарын, сондай-ақ Алматы облысының Жаңатұрмыс» және Қырғауылды ауылдарын сумен қамтамасыз етеді. Жалпы 140 мыңнан астам адамды қамтиды.
- Нысан құрылысы аяқталу кезеңінде. Қысқы уақытта технологиялық сынақтар жүргізу және тазарту режимдерін баптау үшін қажетті тасқын сулар болмайды. Жобалық талаптарға сәйкес, іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтау және нысанды технологиялық іске қосу 2026 жылдың мамыр айының соңына жоспарланған, — деп хабарлады басқармадан.
«Ерменсай» су жинағышының құрылысы 2026 жылдың қарашасына дейін аяқталады. Нысан қуаты — 9 мың м³. Аталған станция Бостандық ауданының оңтүстік-шығыс бөлігін, соның ішінде «Нұрлы тау», «Ерменсай», «Архат» және басқа да шағын аудандарын сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы 25 мыңнан астам адам қамтылмақ.
— Нысанның екі учаскесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші учаскеде жермен байланысты жұмыстар орындалып, іргетастар орнатылды, сондай-ақ резервуарлар мен су дайындау станциясы ғимаратын бетонмен құю жұмыстары басталып кетті. Бірінші учаскеде бөлшектеу жұмыстары аяқталып, кіреберіс жолдар салынды және негізгі технологиялық әрі электротехникалық жабдықтар сатып алынды, — делінген басқарма жауабында.
«Барлық» су жинағышы бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жоба жүзеге асырылған соң, Наурызбай және Алатау аудандарының 80 мың тұрғынын сумен қамтиды. Ал Алмалы ауданында салынатын «Сайран» су жинағышы бойынша жобаны әзірлеу жұмыстары енді басталды.
Қалада кәріз жүйесінің мәселесі де өзекті. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Наурызбай ауданының қосылған аумақтарын (шамамен 195 мың тұрғын) су бұру жүйесімен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар басталғанын мәлімдеді. Ауданда ұзындығы 34,9 км және құны 36,3 млрд теңге болатын Батыс кәріз коллекторының құрылысы жүріп жатыр. Жобаны 2026 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ 2028 жылға дейін 500 мыңнан астам адамды қамтитын және ұзындығы 41 км болатын қала сыртындағы №1, 2, 3 қала коллекторлар реконструкцияланады.
Жалпы 2025 жылы Алматыда 306,4 км кәріз желісі салынып, 5,5 км желі жаңартылды. 2026 жылы 275,3 км жаңа желі салу және 11,9 км желіні жаңғырту жоспарланған.
- 2027-2028 жылдарға арналған жоспарлар бойынша жыл сайын шамамен 135-180 км су құбыры және 81 км кәріз желілерін салу мен жаңғырту көзделген, — деп түсіндірді ведомство.
Еске салайық, Алматыда су үнемдеу технологиясын енгізбеген көлік жуу орындары судан ажыратылып жатқанын жазғанбыз.