Алматының Бостандық ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін «Ашық НҚА» порталында Бостандық ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай туралы жоба қоғамдық талқылауға шығарылды.
Оны әзірлеуші орган – Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің аппараты.
Құжатта көрсетілген мәліметке сәйкес, төтенше жағдай жариялаудың мақсаты – «Көкшоқы» шағын ауданында және «Алма» тұрғын үй кешенінде, сондай-ақ оларға іргелес тұрғын үйлерде сумен жабдықтаудың болмауына байланысты ондағы аумақ пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Инженерлік желілерді жаңғырту және қайта жаңарту, су басу қаупі бар аумақтарда алдын алу шараларын жүргізу, сондай-ақ жекелеген жол учаскелерінде, оның ішінде тау бөктеріндегі аймақтарда тәуекелдерді азайту жұмыстары жасалды. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, – делінген жоба мәлімдемесінде.
Қоғамдық талқылау бүгін сағат 10:20-да басталды және 18:00-ге дейін жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін Қонаев қаласында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды.